Біздің ауруханамызда фармакорезистентті эпилепсия кезіндегі кезбе жүйкені стимуляциялау жүйесін орнату процедурасы жүргізілді. Пациенттің мойын аймағындағы кезбе жүйкеге титтей электрод орнатылды, стимулятордың көмегімен жүйкеге әсер ететін және ұстамаларды азайтатын зарядтар әрекет етіп жатты.
-Біз операция жасаған пациент 20 жыл бойы фармакорезистентті эпилепсиямен ауырған, соңғы кездері айына онға дейін ұстамасы ұстап отырған. Ол әр түрлі препараттарды, оның ішінде аралас түрде, пайдаланып көрген, алайда дәрі-дәрмектік терапия тиімділігі барған сайын азая берді, тіпті мүлдем көмектеспейтін болды, дәл осы жағдай кезбе жүйкеге стимулятор орнатуға көрсеткіш болды,- деп атап көрсетті нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Саршаев.
Дәрігер операциялық блокта бригаданы басқарумен айналысты, оның құрамында барлығы 10 маман болды. Олардың жұдырықтай жұмылған мұқият жұмысының арқасында күрделі әрі сирек кездесетін операция сәтті өтті.
Кезбе жүйкені электрмен стимуляциялау, VNS-терапия (ағылш. Vagus nerve stimulation) – бұл, дәрі-дәрмектік терапиядан күткен нәтиже болмаған жағдайда қолданылатын, эпилепсияны емдеудің қосымша әдісі екенін атап өту керек. VNS-терапия көптеген елдерде қосалқы терапия ретінде көрсетілген және мақұлданған, яғни әдісті басқалармен, оның ішінде дәрі-дәрмектік әдіспен, үйлесімдікте қолданады.
Қазақстанда эпилепсиямен ауыратын адамдар ресми түрде 76 мыңды құрайды, алайда бұл сан дұрыс болмауы мүмкін, өйткені көбісі есепке тұрмайды. Сондықтан отандық дәрігерлердің бұл ескі ауруды емдеудегі жетістіктері өте өзекті болып табылады.