Синоптиктер осы жаздағы ауа-райы құбылмалы болады дегеніне қарамастан, оңтүстік өңірлердегі аптап ыстық әдеттегідей қатты. ҚР ПІБ ОКА Жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Арина Кирдяйкина аптап кезінде әр адам, әсіресе күн ысыса денсаулығы сыр беретін кісілер сақтауға тиіс ережелерді бөлісті.
- Күн қатты ысығанда тіпті дені сау адамның демі тарылып, жүрегі қаға бастайды, ауа жетпей, басы айналып, кеудесі қысуы мүмкін. Өйткені ыстық жаз жүрекке ауыр тиеді. Жүрек-қан тамырлары ауруы бар адамдар осы мезгілде аса әлсіз, дегенмен дені саулар да абай болғаны жөн, - дейді дәрігер.
Терапевт кеңестері:
• Сағат 12 мен 16 арасында далаға шықпауға тырысыңыз. Ал сыртта жүруге мәжбүр болсаңыз, көлеңке тасалап, ара-тұра сәкіге отырып демалыңыз.
• Түсі ашық, ыстықтатпайтын-терлетпейтін киім киіп жүріңіз.
• Жағасы, белі қысатын киімнен бас тартыңыз.
• Ет пен мал майын азырақ жеуге тырысыңыз. Сүт пен көкөністен жасалған тағамдарды тұтынған жөн. Рационыңыздағы ақжелкен, кинза, аскөкті молайтыңыз. Қатты тойып тамақ жемеңіз. Тұзды азайтыңыз.
• Көбірек су ішіңіз. Бірақ газдалған және өндірістік квастан пайда болмайтынын ескеріңіз. Ең жақсысы – таза су, морс, көк шай. Сонымен қатар жебіршөп, жалбыз, мелиссаны қайнатып, тұндырып, лимон мен мұз кесектерін қосып ішу денсаулыққа пайдалы. Ал құрамында аз болса да алкоголі бар сыра, коктейль, шарап ағзаның сусыздануына әкелетінін естен шығармаңыз.
• Жағажайда болғанда суға сүңгіп кетуге асықпаңыз. Дене температурасының күрт ауытқуынан жүрек шыдамай, талып кетуі ықтимал. Мұндай жағдай тіпті жас, сау адамда болуы мүмкін.
• Күні бойы көшеде жүргенде бүріккішпен су себініп отыруға болады. Оның ішіне жылы су құйып алыңыз – салқын суға қарағанда теріге сол пайдалырақ. Аман жүріңіз!