ТРОМБОЗДЫҢ ҚАТЕРІ ТУРАЛЫ БІЛЕСІЗ БЕ?
Бүгінде әлем бойынша тромбоэмболияның 10 млн жағдайы тіркелген. Әр 40 секундта бұл дерттен 1 адам көз жұмады. Тромбоэмболия – жүрек-қан тамыры ауруларының ішінде өлімге әкелетін үшінші орындағы себеп. Қазақстанда 40-60 жастағы 1000 адамның бесеуінде көктамыр тромбозы тіркеледі, ал жалпы жыл сайын тромбоздың қилы түрі мазалаған 5000-нан астам адам дәрігер көмегіне жүгінеді.
Бұл дерттің қаупі сол, операция, тамырға катетер қою сияқты кез келген медициналық инвазивті араласу кезінде көктамыр тромбозы туындауы ықтимал. Оның қаупін азайту үшін Халықаралық тромбоз бен гемостаз мамандарының қоғамы (ISTH) 13 қазанды Дүниежүзілік тромбоз күні деп белгілеген. бұл күні Совминде дәстүрлі халықаралық конференция өтеді. Биылғы конференцияның тақырыбы – Артериалды, жүрекішілік және көктамыр тромбозы. Түрлі бағытта істейтін дәрігерлердің басын қосқан бұл жиын барысында қызу талқы өтті, оның барлығы ортақ ұсыныстардың жасақталуына негіз болды.
- Бұл дертпен күресуде біз пәнаралық тәсілдеме қолданамыз. Сондықтан хирургтер, гематологтар, гинекологтар мен кардиологтар ем жүргізуде аса ұстамды болады. Дәрігерлер пациенттеріне операциядан кейін тұрақтала бастағанда профилактикалық ем-дом белгілейді. Дегенмен уақыт өте дәрілердің мөлшерін көбейтіп, емдеудің басқа да, оның ішінде дәрісіз тәсілдерін байқау керек. Медицина қарқындап дамып отырған шақта саладағы жаңалықтан қалмауымыз керек, бұл жиындардың маңыздылығы осында, - дейді жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог Ағзам Жұмаділов.
Конференцияның бастамашысы – Қазақ тромбоздар мен гемостаз қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Сүгіралиевтың айтуынша, негізгі күшті қауіптерді дер кезінде анықтап, аурудың алдын алуға жұмсау керек. Себебі тромбоздар 80% жағдайда симптомсыз жүреді, солайша адамдар дерті әбден меңдеп кеткенде, тромбалық синдромның соңғы кезеңінде келеді. Бұл кезде науқастың бүкіл тамыры терісінің бетіне шығып, түсі өзгеріп кетеді. Пациенттердің де тромбоздар қаупі туралы ақпараты жеткіліксіз. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, өкпе артериясының тромбоэмболиясы мен аяқтың терең тамырларының тромбозы туралы ересек халықтың жартысынан азы хабардар. Ал тромбоздың алдын алуға болатыны туралы білетіні тіпті аз.
- Дәрі-дәрмексіз ұсынымдардың қатарында белсенді өмір салтын ұстану мен ішімдікті шектеу маңыздылығы айтылады. Одан бөлек тар киім кимеуге және салмақты қалыпты деңгейде ұстауға тырысу қажет. Ұшақпен ұшқанда жиі қимылдап, көбірек су ішкен абзал. Ал операцияға жатар бұрын дәрігерден тромбоздың туындау қаупі туралы барынша біліп алған жөн. Мысалы Совминде қауіпті халықаралық жүйе бойынша бағамдау енгізілген – пациент түскенде дәрігер осы жағын мұқият зерттеп, емдеу барысында нәтижесін ескереді. Жалпы денсаулыққа бей-жай қарамаңыз, - дейді доктор.
Бұдан бөлек конференцияда көктамыр тромбоэмболиясының фармакологиялық, хирургиялық және интервенциялық терапиясы, акушерлік істегі қауіп факторлары, артериалды тромбоз, кава-сүзгі, аурудың диагностикасы мен профилактикасына қатысты мәселелер кеңінен сөз болды.