Отан соғысында алған жарақатының зардабынан көру қабілеті төмендесе де ақсақал кезінде белсенді өмір сүрген қариялардың бірі. 1924 жылы 21- қазанда Қостанай облысында дүниеге келген Әбдірахман Шәріпұлының ата-анасы кейін Шымкентке қоныс аударған. Орта мектептен соң теміржол училищесіне оқуға түскен бозбала соғыс басталғанда өз еркімен майданға аттанды. Арнайы білімі болмағандықтан дабылшылар училищесіне жіберіледі. Оқуын тәмамдағанан соң «ефрейтор» әскери атағын алған жас жауынгер майданға аттанады. Әскери сигналшылардың қызметі үлкен қауіп-қатерге толы. Олар жарылып жатқан снарядтардың астында ұрыс даласын басқаруды қамтамасыз ететін сымдарды жалғайтын. Сонымен қатар жау жағынан қажетті ақпараттарды алу үшін оларға тиесілі байланыс сымдарын ұстайтын. Осындай операциялардың бірінде Әбдірахман Шәріпұлы ауыр жараланды. Ол алты ай әскери госпитальда емделіп, сауығып шыққанна кейін байланысты қамтамасыз ету үшін қайтадан майданға аттанады. « Мен Жеңіс туралы хабарды Бухарест қаласында естідім. Қуанышымда шек болған жоқ...» деп еске алады майдангер. Әбдірахман Шәріпұлы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» , «1-дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.
Соғыс аяқталған соң елге оралып, Қазақ мемлекеттік университетінде білім алды. Ғылым жолына бет бұрған азамат кандидаттық диссертация қорғап, кейін докторлық дәрежесіне көтерілді. Әбдірахман Шәріпұлы екі кітаптың авторы. Ардагердің тәрбиелеген шәкірттері биік белестерді бағындырып, ұстаздың абыройын асқақтатты. 2007 жылы зейнетке шыққан ақсақал үш баласынан көрген немерелерінің қуанышына тоймай, әдемі ғұмыр кешуде.Ұлттық госпиталь қызметкерлерінің арнайы құттықтап барғанына риза болған ақсақал батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.