Басты бетҚазақстанның жас ғалымдары медицинаның жаңа қырларын ашуда

Қазақстанның жас ғалымдары медицинаның жаңа қырларын ашуда

Қазақстанның жас ғалымдары медицинаның жаңа қырларын ашуда

Қазақстан әлемдік титан өндірудің 11 пайызын беріп отырса да, өз импланттарын неге шығара алмайды? Осы орынды сауалды Қазақ ұлттық медицина университетінің ортопедиялық стоматология кафедрасының жас докторанты Мәди Тлешев көтеріп, жаңа буындағы қазақстандық имплант жасап шықты.

Оның айтуынша, елімізде титан 29 кен орнында өндіріледі, кейін шетелге экспортталады да, бізге Корея, Германия және АҚШ елдерінен стоматологияға аса қажет әрі құны жоғары имплант түрінде қайта келеді.

Өз зерттеуінде ол әріптестерімен бірге титан диоксиді мен күміс бөлшектерінен тұратын имплант өндірісін жасап, оған патент алған.

Ең маңызды жетістік - импланттың қорғаныш қабатының қалыңдығын 500 нанометрге дейін арттыру. Егеуқұйрықтар мен тышқандарға жүргізілген сынақтар сәтті өткен. Зерттеушілер мұндай өндірістің елімізде толық мүмкін екенін дәлелдеп, қазақстандық импланттардың құны бірнеше есе арзан болатынын көрсетті. Себебі шикізат өзімізде өндіріледі.

Мәди Тлешев өз жұмысын Ұлттық госпитальда өткен жас ғалымдардың «Sovmin Forum 2025» форумында таныстырды. Биыл форумға тағы 10 жас маман қатысып, магниттік-резонанстық томография  арқылы деменцияны ерте анықтау, несепағардың ұзақ ақауларын қалпына келтіру, бауыр трансплантациясынан кейінгі билиарлық асқынулар мен стеноздарды емдеу жөніндегі зерттеулерін ұсынды.

Жюри мүшесі, ПІБ  қарасты Ұлттық госпиталдің онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Естай Абзалбек жұмыстардың жоғары деңгейін атап өтті.

«Біз ең алдымен дәлелділігі мығым, ғылыми сатылары толық орындалған зерттеулерді таңдадық. Өйткені бүгінгі ғылымның басты құндылығы - оның тәжірибелік  пайдасы. Біз медицинада жақын уақыт ішінде қолдануға болатын өте күрделі, мазмұнды жұмыстарды көрдік», - деді ол.

Жиын қорытындысында бірінші орын Мәди Тлешевке бұйырды. Екінші орын босануды индукциялауда Фолей катетері мен мизопростолды қолдану жөнінде баяндама жасаған Дильфуза Сұлтанмұратоваға берілді. Үшінші орын несепағарды қалпына келтіру тақырыбын зерттеген Ринат Нұржанға тапсырылды. Үшеуі де өз ғылыми жұмыстарын әрі қарай дамытуға арналған ақшалай қолдауға ие болды.