Басты бетАптап ыстықта қалай тамақтанған дұрыс?

Аптап ыстықта қалай тамақтанған дұрыс?

Аптап ыстықта қалай тамақтанған дұрыс?

Ежелден келе жатқан  «Ауру -астан» деген сөз бар. Дұрыс тамақтанбаудан пайда болатын ауру көп. Әсіресе жаз маусымында түрлі тағамнан уланып қалу жағдайы жиі кездеседі. ҚР Президенті іс басқармасы Медицина Орталығының Ұлттық госпиталінің жоғары санатты гастроэнтеролог дәрігері Ләззат Омарқызы Казанбаевамен осы тақырыпта сұхбаттасқан едік.  Ләззат Омарқызының қызмет өтілі 34 жыл,  денсаулық сақтау магистрі. Медицина саласына қосқан үлесі үшін  Ұлттық медицина қауымдастығының атынан «Алтын дәрігер» атағы берілген.

- Жазда адамдар көбінесе тағамнан улану, созылмалы гастриттің, энтериттің, панкреатиттің өршуі сияқты диагноздармен келеді. Уланудың  белгілері: қызу көтерілу, жүрек айнуы, құсу, әлсіздік, нәжістің бұзылуы - дейді дәрігер.

Сондай-ақ гастроэнтеролог  ыстақта тез бұзылатын тағамдарды пайдаланғанда cақ болуды ескертті. Олар: сүт өнімдері, ет және балық тағамдары, жаңа піскен теңіз өнімдері, пісірілген шұжықтар, майонез қосылған салаттар, тәттілер, кесілген жемістер мен көкөністер. Егер дұрыс сақталмаса  балмұздақтан да улануы мүмкін. Жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, балмұздақта  алтын стрептококк немесе ішек таяқшасы сияқты зиянды бактериялар белсенді түрде көбейеді.Тәтті, әсіресе газдалған сусындар да қауіпті. Өйткені құрамында көп мөлшерде қант пен қышқылдар, дегидратацияға әкелетін, тіпті асқазанның шырышты қабығын зақымдайтын химиялық заттар бар. Ыстықта негізгі тағамды күннің салқын уақытына қалдырған жөн, таңғы асқа ең калориялы тағамды қолданыңыз –дейді Ләззат Омарқызы.

Ағзадағы сұйықтықтың орынын толтыру үшін суды жиі ішу керек.  Қантсыз жеміс сусындары, компоттар, көк шай шөл қандырады.  Жаңа піскен көкөністерге, жемістерге,  майсыз ақуыздарға басымдық бере отырып, жеңіл тамақтанған дұрыс.  Артық тамақтанудан, майлы және ауыр тағамдардан аулақ болған жөн. Жемістер мен көкөністер,  балық, жұмыртқа, сүт өнімдері, бұршақ дақылдары, тауықтың төс еті, сұлы және қарақұмық жармасы пайдалы -дейді гастроэнтеролог Ләззат Омарқызы.