Басты бетНазар аударыңыз - ішектің жіті жұқпалы аурулары!

Назар аударыңыз - ішектің жіті жұқпалы аурулары!

Назар аударыңыз - ішектің жіті жұқпалы аурулары!

Жаздың шуақты күндері келгенде көпшілік табиғат аясында демалып, еңбек демалысына шығып, тынығып, күш жинайды. Алайда, жазғы демалыс жиі ішек жұқпаларымен ушығып, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Таралу жиілігі бойынша жедел ішек инфекциялары (ЖІИ) тек жедел респираторлық-вирустық инфекциялар ауруларынан кейін екінші орында.

   Ішек жұқпаларын қоздыратын микробтар өте көп және олар адамда да, жануарларда да ауруды туғызуы мүмкін. Негізгі ЖІИ түрлеріне жатады сальмонеллез, дизентерия, тырысқақ (холера), ротавирусты инфекция, іш сүзегі, паратиф А және В,  А гепатиті және т.б.  ЖІИ-мен ауырғандардың 60%-дан астамы — балалар.

              Бұл аурулар ортақ белгілермен сипатталады:

  • Маусымдық сипатқа ие: көктемнің соңы, жаз және күз;
  • Ауыз арқылы жұғу жолы (инфекция ауыз арқылы ағзаға түсіп, ішекте көбейеді);
  • Асқорыту жүйесін зақымдап, улану белгілерін тудырады;
  • Симптомдары бір біріне ұқсас болады.

 

Қоздырғыштар қандай?

   ЖІИ қоздырғыштары - бактериялар (сальмонелла, холера, дизентерия, іш сүзегі), уыттар (ботулизм), вирустар (энтеровирус, ротавирус, гепатит А).  Олар топырақта, ыдыс-аяқта, есік тұтқасында, тұрмыстық заттарда ұзақ уақыт өмір сүре алады. Кейбіреулері су құбырындағы суда 3 айға дейін, көкөніс пен жемістерде 5-14 аптаға дейін сақталады. Суықтан қорықпайды, ал ылғал және жылы ортада тез көбейеді. Ең қауіпті орта — сүт өнімдері, тартылған ет, ет және балық тағамдары, кондитерлік өнімдер (кремі бар торттар), салқындатылған тағамдар мен көкөніс салаттары. Мұндай ортада,  әсіресе сальмонелла мен дизентерия қоздырғыштары,  +20 – +40°C аралығында жылдам көбейеді.

   Жіті ішек инфекцияның көздері:

  • Ауру адам немесе бактерия тасымалдаушы - олар қоздырғыштарды сыртқы ортаға және суға бөледі;
  • Жеткіліксіз термиялық өңделген тағам;
  • Ластанған су, көкөніс пен жеміс;
  • Тарақандар, шыбындар, кеміргіштер;
  • Ауру жануар  және науқаспен тығыз байланыста болу.

   

   Жекелеген жұқпалар туралы қысқаша мәлімет:

   Сальмонеллез — адамнан басқа ірі қара мал, шошқа, мысық, ит, үй құсы, әсіресе суда жүзетін құстар сальмонеллезбен ауырады. Сондықтан жұқтырылған құстардың жұмыртқалары адамда сальмонеллезге себеп болуы мүмкін. 60°С дейін қыздыру кезінде бұл бактериялар бір сағат ішінде, 80°С кезінде - 10 минуттан кейін, қайнату кезінде - бірден жойылады.

   Дизентерия — дизентерия таяқшалары арқылы таралады. Көбіне сүт өнімдерінен жұғады. Су мен сүтті қайнатқанда тез жойылады.

   Холера — аса қауіпті инфекция. Қоздырғыштары тұщы және тұзды суда ұзақ сақталады. Негізгі таралу жолы — су арқылы.

   Іш сүзегі және паратифтер — инкубациялық кезеңі 7–25 күн, ауыр түрінде ессіздік, бөртпе, өмірге қауіп төндіреді.

   Ротавирустық және энтеровирустық диареялар жіті, тез таралады. Симптомсыз тасымалдаушылық және клиникалық сауыққаннан кейін вирустың сыртқы ортаға бөлінуі жалғасуы мүмкін. Сондықтан отбасының барлық мүшелері немесе ұйымдастырылған балалар ұжымдары (сыныптар, балабақшалар, жазғы лагерьлер) бір мезгілде ауырып қалуы мүмкін.

               ЖІИ негізгі белгілері

   ЖІИ кезінде инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылады және қоздырғышқа байланысты аурудың өзіне тән ерекшеліктері болады. Алайда олардың ортақ белгілері бар:

  • Дене қызуының көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы;
  • Тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, құсу, кейде бірнеше рет;
  • Іштің түйілуі, ауырсыну, күніне 10–12 ретке дейін болатын сұйық нәжіс;
  • Сусыздану, ауыздың құрғауы, шөлдеу, несептің азаюы (әсіресе балалар мен егде адамдарда);

 

   Профилактиканың басты ережелері:

  • Қолды сабындап жуу (дәретханадан кейін, тамақтанар алдында, жануармен жанасқан соң);
  • Жақсы термиялық өңделген, сапалы және жаңа піскен тағамды қолдану;
  • Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу;
  • Шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтау;
  • Көкөніс пен жемістерді мұқият жуып, қайнаған сумен шаю;
  • Шетелдік жемістер мен көкөністерді міндетті түрде өңдеуден өткізу;
  • Бейтаныс су айдындарында шомылмау, бассейнде жүзу кезінде суды жұтпау;
  • Табиғатқа демалысқа шыққанда дайын тамақты ғана алып шығу, оны ашық жерде сақтамау;
  • Жұмыртқаны пайдаланар алдында жақсылап жуып, белгісіз жерден алынған жұмыртқаны шикідей ішпеу. Қайнату уақыты — кемінде 15–20 минут, себебі жұмыртқаның сарысында сальмонелла болу мүмкін;
  • Тағамдарды жәндіктер мен жануарлардан аулақ, жабық жерде сақтау.

 

Есте сақтаңыз: Ішек ауруларының алғашқы белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралыңыз, әсіресе бұл балаларға қатысты болса. Өзін-өзі емдеу қауіпті!  ЖІИ дұрыс емделмеген жағдайда ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін.

 

 Салауатты өмір салты дәрігері

Ф.К.Смаилова.