
Ауырмай емделудің де жолы бар. Ол - физиотерапия. Жыл сайын 8 қыркүйекте осы саланың мамандары өз мерекесін атап өтеді. Физиотерапия - ең жағымды, ең жайлы әрі көне емдеу тәсілдерінің бірі. Ежелден-ақ адамдар табиғи ванналарға түсіп, балшықпен, шөптен жасалған компресстермен, банкі қойып, массаж жасап денсаулығын түзеген.
Ежелгі Үндістанның «Аюр-Веда» еңбегінде емдік массаж бен гимнастика әдістері егжей-тегжейлі жазылған. Ал атақты дәрігер Гиппократ «Ауруларды емдейтін – табиғат» деген еңбегінде күн сәулесімен, салқын және бу ванналарымен емделудің пайдасын айтқан. Римдіктер болса Неронның атақты моншаларын «In balneis salus» – «Ванналарда шипа бар» деп дәріптеген, тіпті онда гладиаторларды да қалпына келтірген.
Алғашқы электрлік емдеу тәсілдері біздің дәуіріміздің 31 жылында скат пен электрлі балықтарды қолданудан басталған. Қытайлықтар күйдіру мен ине салуды, еуропалықтар су құюды, минералды суларды, тұз шахталарын қолданды. Қазақ даласында болса қымызбен емдеу мен көшпенділердің айкуне жаттығулары кең тараған.
Сондықтан қазіргі физиотерапияның тарихы да, тәжірибесі де өте бай.
Бүгінде физиотерапияда емдеудің ондаған түрі бар. Мысалы: электрмен емдеу, жарықпен емдеу, ультрадыбыстық терапия, арнайы құрылғылар арқылы жасалатын механикалық жаттығулар, жылумен емдеу, сумен емдеу, соққы толқынымен емдеу, вакууммен емдеу және ауамен емдеу сияқты әдістер қолданылады.
Физиотерапия негізгі емес, қосымша емдеу әдісі. Бірақ оның мүмкіндігін төмендетіп қарауға болмайды, - дейді Ұлттық госпитальдің физиотерапия және оңалту бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Райхан Дощанова.
- Кейде «физиотерапияның пайдасы бар ма?» деп күмәнданатындар кездеседі. Бірақ біздің емшаралардан кейін ауырғаны басылып, белі жеңілдеп қалған соң, олар мүлде басқа ойда қалады.
Физиотерапевттердің көмегінсіз науқастар толық қалпына келе алмайды, ал бұл аурудың қайталануына әкелуі мүмкін. Сондықтан біздің ауруханада бұл бөлім - ең көп сұранысқа ие әрі науқастардың сүйікті орны. Пациенттер бізге тіпті қабылдау бөлімінен бастап-ақ жазылып қояды.
Мұнда дәрігерлер мен медбикелер ондаған жылдар бойы жұмыс істейді, кадрлар ауысымы жоқтың қасы. Мен мұны тұрақтылықпен, тыныштықпен, мамандыққа адалдықпен және ұжымның ауызбіршілігімен байланыстырамын. Себебі адам әрқашан өзіне жайлы жерде қалады. Ал жайлы жерде ғана ем де шипалы, еңбек те берекелі болады.