Басты бет«Тромбоздар» халықаралық конференциясы

«Тромбоздар» халықаралық конференциясы

«Тромбоздар» халықаралық конференциясы

Тромбоз патофизиологиясының негізін қалаушы Рудольф Вирховтың туған күніне орай атап өтілетін Дүниежүзілік тромбоз күні қарсаңында Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде «Тромбоздар» атты халықаралық конференция өтті.

Бүгінде әлемде жыл сайын шамамен 10 миллион адам тромбоэмболияға шалдығады. Әр қырық секунд сайын бір адам тромбоз салдарынан көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын 5000-нан астам науқас осы дерттің әртүрлі түрімен медициналық көмекке жүгінеді.

- «Тамырлық тромбоз - көбіне ауруханадағы науқастарда дамитын дерт. Себебі жағдайлардың жартысы емханада немесе емханадан шыққаннан кейінгі үш айдың ішінде туындайды. Олардың шамамен 20 пайызы ерекше бақылауды қажет етеді. Сондықтан халықаралық сарапшылар дәрігерлік көмектің сапасын бағалауда дәрігерлердің кәсіби деңгейін ауруханадан шыққаннан кейін тіркелген тамырлық  тромбоздардың санына қарап анықтайды. Бұл аурудың алдын алудың маңыздылығын көрсетеді», – деп атап өтті Ұлттық госпиталдің директоры, медицина ғылымдарының докторы Асхат Зинешұлы Бралов өз сөзінде.

Айта кету керек, тромбоз туралы ақпараттандыруды арттыру бастамасы Қазақстанда он жыл бұрын дәл осы Ұлттық госпиталь қабырғасында болған. Мұнда алғаш рет тромбоз қаупін бағалаудың халықаралық жүйесі енгізілген науқас ауруханаға түскен сәттен бастап дәрігер оның жеке ерекшеліктерін ескере отырып тексеру жүргізеді және ем кезінде мультидисциплинарлық тәсілді қолданады, яғни әртүрлі бағыттағы мамандар бірлесіп жұмыс істейді.

Конференция барысында ең мазмұнды баяндамалардың бірі ультрадыбыстық және функционалдық диагностика бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның жетекші маманы Людмила Бегалина тарапынан жасалды.

- «Жүкті әйелдер тәуекел тобына жатады, себебі олардың ағзасында анатомиялық және гемодинамикалық өзгерістер жүреді, тамырлар кеңейіп, қысымға ұшырайды. Сондықтан қауіптің алдын дер кезінде анықтау аса маңызды. Мұнда допплерография әдісі қолданылатын қауіпсіз ультрадыбыстық зерттеу көмектеседі. Диагностика барысында өзгерген анатомиялық бағыттар мен шектеулі қолжетімділік қиындық тудырады. Мұндайда дәрігердің тәжірибесі мен дұрыс әдістемесі шешуші рөл атқарады», - деді Людмила Бегалина өз сөзінде.