26-27 қаңтарда метеорологтар магнитттік толқу болуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл Күндегі жарқылдың әсерінен Жердегі магниттік өрістің ауытқуы. Мұндай ауытқулар байланыс жүйесі жұмысына және адамның денсаулығына, әсіресе ауа райына тәуелді және жүрек-қан тамыры ауруларымен, вегетотамырлық дистониямен ауыратын, артық салмағы бар, егде жастағы адамдарға жағымсыз әсер етуі мүмкін екені белгілі. Мұндай адамдар бас немесе жүрек ауруын, қан қысымының төмендеуі немесе жоғарылауын, бас айналуды, әлсіздікті, ұйқысыздықты, созылмалы ауруларының ушығуын сезінуі мүмкін. СОВМИН ауруханасы саламатты өмір салты кабинетінің дәрігері Флюра Смайылова магниттік толқу әсерінен қалай қорғану керектігін айтып берді.
- Адам табиғатбен бірге дамиды және табиғатта болып жатқан құбылыстардың бәрі, әсіресе адам ағзасы созылмалы аурулардың әсерінен әлсіреген болса өз әсерін тигізеді. Мұндай адамдарды ауа райына тәуелді адамдар деп атайды. Мұндай диагноз жоқ, алайда дәрігерлер мұны мойындайды, тіпті әсер ету дәрежесін де бағалайды, себебі біреулерінің көңіл күйі өзгерсе, енді біреулерінің буындары, басы ауырады, қан қысымы көтеріледі. Ауа райы өзгерген, магниттік толқулар басталған күндері немесе ай толған кезде біз күн режимін сақтауды, күйгелектенбеуді, ішіп жүрген дәрі-дәрмектерді тоқтатпауды ұсынамыз. Осындай «күрт асқынуларды» сезінбеу үшін саламатты өмір салтын ұстану, ұйқыны қандыру, көңілді жүру, еңбек пен демалысты кезектестіру, спортпен айналысу, көбірек жаяу жүру, ішімдік ішпеу, темекі шекпеу, зиянды тамақ жемеу керек, себебі бұлардың бәрі ағзамызды зақымдап, әлсіретеді. Қазір көңіл күйге және өзімізді ширақ ұстауға жақсы әсер беретін – спорт, жүзу, коньки, шаңғы, жаяу жүру, жүгіру сияқты мүмкіндіктер өте көп. Ал созылмалы аурулары бар адамдар қажетті дәрі-дәрмектерді алып қойғаны жөн.