Әсемкүл Байкенова – алдыңғы шепте жүрген терапевт. Емханаларда істеп келе жатқанына 11 жылдан асты, оның жартысын Совминге арнаған. Бұл қиын мамандықты Әсемкүл адамдарды емдеу үшін ғана емес, алдын алу үшін таңдаған.
– Дәріге рецепт жазып, науқастардың диагнозын анықтаудан бөлек, мен пациенттеріммен көп әңгімелесемін, оларды тыңдаймын. Дұрыс тамақтанып, денені шынықтырудың маңызы туралы айтамын, ауырғаны басылу үшін қандай жаттығу жасау керегі туралы кеңес беріп, тіпті спорт клубын таңдауға көмектесемін. Менің учаскемде егде жастағылар көп, ең үлкені 101 жаста. Олардың бәрі белсенді – жаяу көп жүреді, жүзеді, тіпті марафондарға қатысады.
Сұхбатымыз жазылған күні Әсемкүл Саятқызы шақыртқан науқастарға да барып, емханада 15 пациентті де қабылдап үлгерді – бұл бер жағы ғана, өйткені тұмау маусымы басталған шақта олардың саны әлдеқайда көп болады.
– Кейде дәрігердің жай ғана келіп, әңгімелескені де адам үшін медеу. Жылы сөз науқастың жағдайы жақсаруы тездетеді. Пациентімнің айығып, қолына гүл алып алғыс айтуға келгені мен үшін зор қуаныш. Сондай сәттерде мамандықты дұрыс таңдағаныма көзім жетеді. Оған сеп болған менің әжем мен атам еді, дәрігерлікке солар ұзақ өмір сүрсе екен деп келген едім. Қазір басқа да кісілерге көмектесіп жүрмін. Олардың басым көпшілігі егде жаста, дені сау болуы үшін аянбауға тырысамын. Ауруды емдегенше, ауырмаудың жолын іздеген дұрыс деген қағиданы ұстанамын, - дейді ол.
Дәрігер позитив ойға берілген, көңілді жүрген адам аурудан аулақ болатынына сенеді. Өзі болса отбасынан позитив қуат алады – Әсемкүл үш баланың анасы.