Сәуірдің 23-26 аралығында Президент Іс басқармасы медицина орталығының мамандары Түркістан қаласында сапарда болды.
Астана, Алматы қаласынан аймаққа барған дәрігерлер бүгінгі күні маңызды болып отырған бірқатар тақырып жайлы пікірлесті
Төрт күнге жалғасқан шара барысында лекция, семинарлар өтті. Бас қосуда дәрігерлер қант диабеті, артрит, аллергиялық аурулар мен қатерлі ісіктің алдын алу мәселелерін талқылады. Ұлттық госпитальдің невролог маманы М.Мырзахметов нейрохирургиядығы тромбоздың кейбір түсініксіз жағдайлары жайлы ойын ортаға салса, осы госпитальдің аға мейірбикесі С.Романова орта медицина мамандарының қызметтік қарым- қатынасы мен әдебі жайлы әңгіме өрбітті.
Сондай-ақ Түркістан қаласындағы орталық ауруханасында медицина мамандары халықпен кездесіп, науқастарды қабылдады. Ұлттық госпиталь мамандары: дәрігер-эпилептолог Г. Жұмабаева, пульмонолог Э.Старцева, невролог М.Мырзахметов, ревматолог М.Сәрсембаева, ортопед-травмотолог А.Қабдешов, эндокринолог Д.Разиева шипа іздеп келген жандарға ем тағайындап, жылы сөздерімен қолдау көрсетті. Ал Ұлттық госпитальдің нейрохирургия бөлімінің меңгеруші А.Саршаев, хирургия бөлімінің жетекшісі Х.Дасыбеков секілді дәрігерлер күрделі операциялар жасап, шеберлік дәрісін өткізді.