Ұлттық госпитальде Алмалы ауданы төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерінің қатысумен өрт қауіпсіздігі оқу жаттығуы өтті.
Аурухана –түрлі дәрежедегі науқастар жататын режимдік аймақ. Мұнда қызметкерлер тек өз бастарының амандығына ғана емес, жатқан науқастар үшін де жауапты. Өрт басталғаны жайлы дабыл қосылғаннан кейін 5-қабаттағы гемодеализ бөлімінің қызметкерлері шұғыл әрекет жасап, түтін арасынан ауыр науқас пен түтінге тұншыға бастаған қызметкерді шығарып, жедел жәрдемге тапсырды. Қалған қызметкерлерді төтенше жағдай мамандары жоғарғы қабаттан өрт сөндіру машинасының көмегімен түсірді.
Алмалы ауданы төтенше жағдайлар басқармасының инженері Жолтай Еділ госпиталь қызметкерлеріне өрт, жер сілкінісі кезіндегі есте сақтауға тиіс қағидаларды түсіндірді. «Ең бастысы сабыр сақтап, ереже бойынша қимылдау. Қою түтін арасынан тек еңбектеп немесе тізерлеп жүру арқылы шығуға болады. Түрегеліп, түзу жүрген адам бір- екі қадам жасаған соң тұншығып қалуы әбден мүмкін. Өрт сөндіру құралдарын да өз ретімен пайдаланған жөн» дейді маман.
Емдеу орынында 2019 жылдан бері өрт қауіпсіздігі инженері болып жұмыс істейтін Есхат Тойбаев бұл шараның тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанын айтты. «Өрт қауіпсіздігі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында өтетін тактикалық оқу жаттығу арқылы дәрігерлердің де кез-келген төтенше жағдайға дайындығы тексеріледі. Бүгінгі бесінші қабаттан ауыр науқастарды төменге түсіру, басқа да әрекеттер барысында олардың ереже бойынша шұғыл әрекет етуі, жинақылықтары көңілімізден шықты» деп атап өтті инженер.
Есхат Қайратұлы Алматы қаласы, Алмалы ауданында қатардағы өрт сөндіруші, қарауыл бастығы, өрт қауіпсіздігі инженері қызметтерін атқарған білікті маман. Қаладағы үлкен өрттерді сөндіруге ат салысқан Есхат Қайратұлының қағидасы: кез-келген төтенше жағдайда сабырлы, ұстамды болу керек және тек бекітілген қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып әрекет ету қажет.