Ұлттық госпиталь жанындағы аллергиялық орталықтың дәрігері Ақерке Бекболатқызы күз мауысына ауысқан аллергия және оны жеңілдету жайлы мағлұмат берді
Маусымдық аллергия кезінде аллергологтарға жүгінетін науқастардың саны артады. Әдетте көктем мен жаз мауысымында асқынатын аллергия қазір кейбір адамдарда күзге ауысқан. Оны тәжірибемізде көріп жүрміз. Аллергия – кең тараған аурудың бірі. Негізінде осы індеттің өршитін үш кезеңі бар. Бірінші кезең сәуірдің ортасынан мамырдың соңына дейін созылады. Бұл уақытта қайың, емен, терек сияқты ағаштар тозаңданады. Екінші кезеңде, яғни маусым-шілде айларында шабындық шөптер гүлдейді. Ал үшінші кезеңде аллергиктерді жусан иісі мазалайды. Барлық науқас түшкіріп, жөтеліп, денесі қызара бөртіп, мұрнынан су ағып, мазасызданады. Қоздырғыштармен байланыс үзілсе, аллергия да басылады. Сондықтан аллергендерден қорғану – мамандар беретін ең алғашқы кеңес. Сондай-ақ, ыстық немесе желді күні сыртқа шықпауға тырысу керек. Далаға шығатын ең қолайлы ауа райы жаңбырдан кейінгі уақыт, жаңбыр ауаны тозаңдардан тазартады. Үйге кіргенде сыртта киген киімді бірден шешіп, суға шомылу керек. Осылайша дене мен шашқа қонған тозаңдарды жоюға болады. Сүлгі мен төсек жаймаларын сыртқа жаюға болмайды. Түнде есік-терезені жауып ұйықтаған дұрыс. Ауада өсімдік тозаңы ең көп болатын таңертеңгі уақытта далад жұмыс істемеу керек. Бөлмедегі ауаны таза ұстап, едендерді жиі жуып, тазартып отыру керек. Көлік пен үйде ауа кондиционерін ара-тұра қосып қоюға болады.Сұйықтықты көп ішу қажет. Су, шырын немесе өзге де сусындар мұрынның бітелуін жеңілдетеді. Шай, сорпа немесе жылы сұйықтықтар одан да жақсы көмектеседі. Үй ішіндегі аллергендерді жою үшін химиялық тазартқыштардан гөрі сірке суы немесе ас содасын қолданған жөн. Химиялық заттар тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, симптомдарды күшейтуі мүмкін.Темекі түтінінен де аулақ болу керек. Аэрозольді спрей, ағаш отынның түтіні де жағдайды ушықтырады. Бақшадағы жұмыстарымен айналыспау керек. Жұмыс атқару керек болған жағдайда арнайы маска сатып алған дұрыс.Сондай-ақ орманды жерлерде серуендемеген жөн. Бұл да маусымдық аллергияны жеңілдетуге көмектеседі.