
Бұл бас және жұлын қабықтарының қабынуында болатын аса ауыр инфекциялық ауру. ДДҰ ның мәлліметі бойынша әлемде жыл сайын 2 миллионнан аса адам менингитпен ауырады. Ауырған 10 адамның біреуі асқынудан қайтыс болса ал әрбір бесіншісі мүгедек болып қалады. Мамандар менингитті негізгі үш түріне бөледі: бактериялық, вирустық және саңырауқұлақтық. Олардың ең кең тараған және ең қауiптiсi - бұл бактериялық менингит. Ұлттық госпитальдің жоғары санатты инфекционист дәрігері, «Халық алғысы» төсбелгісінің иегері Сәуле Қажығалиқызы Шағыманова бұл сырқат түрі жайлы төмендегі ақпараттарды айтты.
Оның қоздырғыштары менингококк, пневмококк бактериялары, сондай-ақ гемофильді таяқша болып табылады. Аурудың таралу көзі – адам. Ауырған адам инфекция тасымалдаушы болып табылады. Менингит көбінесе ауа арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Сондай-ақ жұқтыру көзі лас қолдар мен тұрмыстық заттар арқылы да беріледі. Ластанған су айдындарында шомылғаннан кейін де инфекцияға шалдығуға болады –дейді дәрігер
Аурудың негізгі белгілеріне бас ауруы, әлсіздік, құсу, аяқтарын бүгіп алып, бір бүйірімен жату және ең ауыр түрінде көру мен сөйлеудің және қозғалыстың бұзылуы жатады. Ал бір жасқа дейінгі нәрестелердің басындағы бұлақшалары ми қымысының көтерілуіне байланысты томпайып білінуі мүмкін. Мұндай кезде балалар қатты мазасызданып, шыңғырып жылайды.
Сондай- ақ Сәуле Қажығалиқызы аурудың алдын алу үшін төмендегі жағдайларды есте ұстауды ұсынады. Ағзадағы инфекцияның барлық ошақтарын уақтылы емдеу қажет. Олар стоматологиялық аурулар, гайморит, ангина, бронхит. Жеке гигиена ережелерін сақтап, әрқашан қолды сабынмен жуу. Менингитпен ауыратын науқастармен және жөтеліп-түшкіріп жүретін адамдармен қарым-қатынасты шектеу. Егер байланыста болсаңыз дереу зертханалық тексеруден өтіп, инфекционист тағайындаған антибиотиктерді қабылдау қажет. Таза сумен жуылған көкөністер мен жемістерді ғана жеп, тек бөтелкедегі суды ішу керек. Егер мұндай мүмкіндік болмаса суды пайдалану алдында қайнатқан жөн. Ластанған су қоймаларында шомылмаған дұрыс. Ең бастысы - салауатты өмір салтын ұстану.