Басты бетШомылу маусымында сақ болыңыз!

Шомылу маусымында сақ болыңыз!

Шомылу маусымында сақ болыңыз!

Суға шомылу маусымы басталған кезеңде   тері ауруларының өршитіні рас. Осы уақытта дәрігерлерге жүгінетіндердің де қатары көбейеді. Гүлнәр Еркешбайқызы Дербісова  - дерматовенеролог, дерматокосметолог, жоғары санатты Аnti Age интеграциялық дәрігер.  Ұлттық госпитальде қызмет атқаратын дәрігер Алматы медициналық институтын тәмамдап, Германия, Италия, Франция, мемлекеттерінде, Мәскеу қаласында  тәжірибеден өткен. 

-Біз тері ауруларын жыл бойы емдейміз.  Тері және венерологиялық аурулар ежелден келе жатыр. Терінің зақымдануының алғашқы сипаттамасы бірнеше мыңдаған жылдар бұрын  Қытайда, Үндістанда, Мысырда  пайда болғаны жайлы деректер кездеседі.  Бүгінгі күні дерматологияда  тері ауруларының 1400 дей түрі мен категориялары бар.  Қазір науқастар арасында  жиі кездесетіні вирустық инфекциялар- дейді дәрігер Гүлнәр Еркешбайқызы.  Олар:  сүйел, папилома, кандилома, гипертиялық бөртпелер, маллюска, саңырауқұлақ инфекциялары, бактериялы инфекциялар,  паразит инфекциялары , псориаз,  аллергиялық дерматоз, тері зақымдары, трихология тағы басқалары. Тері ауруларына көп факторлар әсер етеді. Соның бірі –тұқым қуалау арқылы берілу. Сондай-ақ иммундық факторлар, жарақаттар, ультра күлгін сәулелердің  әсері, ішкі ағзаның аурулары, паразиттер, күйзеліс және басқа да жағдайлар да әсер етеді – Гүлнәр Еркешбайқызы.

Дерматовенеролог дәрігер жазғы маусымда суға шомылу барысында  дерматит, фотодерматоз, псориаз, пиодерма секілді аурулардың көбейетінін айтады.  Оның алдын алу үшін  таза бассейіндер мен ағын суларға шомылу қажет. Дәрігер сондай-ақ ерекше ескеретін  жайттарды да атап өтті. Жеке бастың гигиенасын сақтаған дұрыс. Күн сәулесінің теріге пайдасы мен қатар зияны да болады. Сондықтан күнге қыздырыну ережелерін  қатаң сақтау керек.  Күннен қорғанатын бас киім киіп , теріге  ылғалдандыратын  жақпа майлар қолданған дұрыс.  Шомылу барысында балаларды қадағалау керек.  Жеміс-жидектер мен көкөністерді  әбден тазалап жуған соң қолданған жөн –дейді маман.