
Функционалдық диагностика бөлімшесінде қазіргі медицинаның озық жетістіктерінің бірі GE Vivid E95 аппараты жұмыс істеп тұр. Бұл жүрек, қан тамырлары мен ішкі ағзаларды зерттеуге арналған, жасанды интеллектпен толықтырылған, көп қызметті атқара алатын, түрлі-түсті заманауи ультрадыбыстық диагностикалық жүйе.
GE Vivid E95 дәрігер-узистердің жұмысын неғұрлым жеңілдетіп қана қоймай, диагностика сапасын мүлде жаңа деңгейге көтеріп отыр. Жүйе нақты уақыт режимінде жоғары сезімталдықтағы, түрлі-түсті әрі төртөлшемді бейнелерді көрсетуге мүмкіндігін береді. Дертті дәл анықтап, дұрыс шешім қабылдауға жол ашатын үлкен жаңалық.
Бөлімшенің дәрігері Гүлнара Гуламова жаңа жүйенің артықшылықтарын ерекше ықыласпен таныстырды. Оның айтуынша, енді экраннан ішкі ағзалар жай ғана монохромды көлеңке күйінде емес, түрлі-түсті, кеңістікте терең бейнеленген, қозғалыстағы нақты кескін ретінде көрінеді.
- Біз бұл құрылғыны шілде айының басында іске қостық. Содан бері бірқатар маңызды әрі күрделі ауру белгілері дер кезінде анықталып, науқастарға нақты көмек көрсетілді, деп жылы лебізін білдірді дәрігер.
- Мысалы, жуырда ентігуге шағымданып келген бір азаматты тексердік. Бұрынғы құрылғылар мұны өкпенің ақауы деп бағалар еді. Алайда GE Vivid E95 жүйесі науқастың жүрек қақпақшасын ұстап тұратын нәзік жіп тәрізді құрылымның жыртылғанын нақты көрсетті. Қазір ол адам өмірін сақтап қалуға бағытталған операцияға дайындалып жатыр. Егер бұл диагноз уақытында қойылмаса, өміріне үлкен қауіп төнер еді. Сондықтан аппараттың пайдасы орасан зор.
GE Vivid E95 арқылы жүргізілетін зерттеулерді емдеуші дәрігерлер жүрек-қантамыр, гинекологиялық, урологиялық және жоғары дәлдікті қажет ететін өзге де көптеген аурулар кезінде ұсынады. Бүгінгі медицинаның сенімді серігіне айналған құрылғы.