
-Бүгін мен сіздерге ге қант диабетімен ауыратын барлық адамдарға қатысты маңызды тақырып - диабеттік ретинопатия туралы айтқым келеді. Бұл қант диабетімен бірге дамып, көру қабілетінің төмендеуіне, ал асқынған жағдайларда тіпті соқырлыққа әкелуі мүмкін –дейді 95 жылдық тарихы бар Ұлттық госпитальдің офтальмолог дәрігері Жібек Тажидинова
Диабеттік ретинопатия - қандағы қант деңгейінің жоғарылауынан туындаған көздің торлы қабығының бұзылуы. Тор қабық - бұл жарықты қабылдауға және айналамызды көруге мүмкіндік беретін көздің ішкі қабаты. Бірақ қандағы қант деңгейі ұзақ уақыт бойы жоғары болған кезде, олар тордың кішкентай қан тамырларын зақымдайды. Олар нәзік болады, ағып, жарылып, қан кетуі мүмкін. Сонымен қатар көру өткірлігін нашарлататын тыртықтар мен жаңадан «қалыпты емес» тамырлар пайда болады.
Жібек Баймахамбетқызы диабеттік ретинопатия көбінесе қант диабеті басталғаннан кейін 5-10 жылдан кейін дамитынын айтады.
Диабеттік ретинопатия қауіпті ме?
Қандағы қанттың ұзақ мерзімді жоғарылауы (гипергликемия) диабеттік ретинопатияның негізгі және басты себебі болып табылады. Қант диабетінің ерте кезеңдерінде ретинопатия жиі ешқандай белгілерді тудырмайды, сондықтан адам көз түбіндегі өзгерістер басталды деп күдіктенбеуі мүмкін. Кейінірек мынандай шағымдар пайда болады: көздегі ыңғайсыздық пен ауырсыну, бұлыңғыр көру, көрудің қараюы, көру аймағындағы дақтардың немесе аймақтардың жоғалуы, оқу, компьютерді пайдалану қиындықтары. Диабеттік ретинопатия дер кезінде анықталмаса және емделмесе соқыр болып қалу қауіпі бар- дейді офтальмолог дәрігер.
Кімдерге аса қауіпті?
Диабеттік ретинопатия 1 типті немесе 2 типті қант диабеті бар кез келген адамда дамуы мүмкін. Егер, қант диабеті 5-10 жылдан аса уақытқа созылса, қандағы қант деңгейі қадағаланбай және жоғары болса, артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы), артық салмақ, қандағы холестерин деңгейі жоғары болса, темекі шегу, ішімдік ішу жиі болса, ұйықтай алмай, жиі шаршап, ұялы телефонды ұзақ пайдаланса, офтальмологқа мүлде бармаса қауіп жоғарылайды. Офтальмолог дәрігер Жібек Тажидинова ретинопатияны қалай анықтауға болатыны жайлы былай дейді.
-Егер сізде қант диабеті болса немесе көру мәселесінде алаңдаушылық болса офтальмологқа бару керек. Ретинопатияны диагностикалау үшін дәрігер толығымен ауыртпалықсыз және қауіпсіз емтихан өткізеді. Бұл кеңейген қарашық арқылы көз түбін тексеру, периметрия (көру аймағын анықтайтын офтальмологиялық зерттеу), биомикроскопия (жарықшаның көмегімен көз құрылымдарын зерттеу), офтальмоскопия (арнайы оптикалық құрылғының көмегімен көз түбін зерттеу), көз түбінің фотосуреті (арнайы камераның көмегімен зерттеу, көз түбінің суреттері алынады), көз торының оптикалық когерентті томографиясы. Зерттеу нәтижелері бойынша дәрігер көру жағдайын анықтайды және аурудың кезеңіне байланысты әр науқас үшін жеке ем тағайындайды.
Диабеттік ретинопатия қалай емделеді?
Диабеттік ретинопатияны емдеуге тек офтальмологтар ғана емес, сонымен қатар эндокринологтар да қатысады. Науқастың өзі де өте маңызды рөл атқарады, өйткені қандағы глюкоза мен гликирленген гемоглобиннің қалыпты деңгейін сақтау емдеудің ең маңызды талабы болып табылады.
Патологияның барлық кезеңдерінде қант деңгейін бақылап, үнемі дәрігерлердің бақылауында болу керек. Неғұрлым нақты өзгерістер үшін мыналарды қолдануға болады: лазерлік емдеу (қан құйылудың алдын алу үшін), көзге препараттарды енгізу (ісінуді азайту үшін), витрэктомия – ауыр асқынуларды хирургиялық емдеу-дейді офтальмолог дәрігер.
Сіздің көру қабілетіңізді сақтау мүмкін бе?
Ең бастысы - қандағы қант деңгейін бақылаңыз! Қан қысымы мен холестеринді өлшеңіз, оларды қалыпты күйде ұстаңыз. Шылым шегетін болсаңыз, тастаңыз! Жылына кемінде бір рет офтальмологтың тексеруінен өтіңіз. Егер дәрігер ем тағайындаса, кешіктірмеңіз! Диабеттік ретинопатия – қант диабетінің ең ауыр асқынуы. Ол симптомсыз болуы мүмкін, бірақ кез келген уақытта өршіп кетеді. Көру қабілетін сақтаудың жалғыз жолы – жүйелі түрде тексеріліп тұру және қант диабетін бақылауда ұстау - дейді Ж. Тажидинова.
Егер сізде қант диабеті болса, офтальмологқа баруды кейінге қалдырмаңыз. Салдарымен күрескеннен гөрі, мәселені ерте кезеңде анықтаған дұрыс. Сіздің көзіңіздің жақсы көруі өз қолыңызда!