Басты бетАрманым – мамандығымның абыройын арттыру

Арманым – мамандығымның абыройын арттыру

Арманым – мамандығымның абыройын арттыру

   Мейірбике мамандығы өз таңдауым. Бала кезден ақ халат киген дәрігерлерді көрсем қызыға қарап, мен де осындай болсам деп армандайтын едім. Мамандығымның қызығы да, қиындығы да кездесіп жатады жұмысым сонысымен ерекше – дейді Ұлттық госпитальдің күндізгі стационар емшара бөлімшесінің мейірбикесі Қарлығаш Күлембаева. 95жыл талай қызметкерге тәжірибе мектебі болған Ұлттық госпитальде өз ісінің нағыз кәсіби мамандары жұмыс істейді. Солардың ішінде науқастармен үнемі тығыз қарым-қатынаста болатын мейірбикелердің табандылығы мен біліктілігі аса маңызды. Семей қаласындағы медициналық колледждің түлегі Қарлығаш Дайырбекқызы Ұлттық госпитальде 15 жылдан бері жұмыс істейді.

   – Емделіп жазылып шыққан адамдар рақмет айтып, үлкен кісілер батасын берген кезде өзімнің осы салада бекер жүрмегеніме көзім жетіп, қуанып қаламын. Бұл біз үшін аса маңызды көңілің көтеріліп, жұмысқа деген құлшынысың артады. Орта медицина мамандарына сенім артып, науқастарды қабылдап, ем тағайындауға мүмкіндік беріліп жатқаны қуантады. Дегенімен, дәрігер 10 жылдай оқып, оны тәжірибемен ұштастырып, зерттейді. Ал мейірбикелерге үш жылдың көлемінде білім беріліп, сосын қызметке жіберіледі. Тәжірибе уақытпен келеді ғой. Әрине, ондай мүмкіндік болса мен білімімді жалғастырып, жұмыс барысында дәрігер әріптестерімнің көмегіне жүгінемін-дейді Қарлығаш. Мейірбике ұжым мүшелері бір үйдің адамдарындай тіл табысып, ынтымақ орнаған жерде кез-келген қиындықты жеңуге болатынын айтады. Ең үлкен арманым – мамандығымның абыройын көтеру және ана ретінде баламның елге қызмет ететін адал азамат болғанын көру – дейді Қарлығаш Күлембаева.