Басты бетДеменцияны қалай тоқтатуға болады?

Деменцияны қалай тоқтатуға болады?

Деменцияны қалай тоқтатуға болады?

Кеше бүкіл әлем Альцгеймер ауруына қарсы күрес күнін атап өтті. Осыған орай британдық ғалымдар «JAMA Network Open» журналында жаңа зерттеу жариялады. Онда велосипед тебудің миға пайдалы әсері ерекше айтылды. Жаяу жүру де көмектеседі, бірақ ол жай серуен емес, белсенді қадамдар болуы тиіс.

Қазіргі кезде дүниежүзінде 55 миллионнан астам адамға Альцгеймер диагнозы қойылған. 2050 жылға қарай бұл сан үш есеге артуы мүмкін. Ауруды алғаш ХХ ғасырдың басында неміс дәрігері Алоис Альцгеймер анықтап, есте сақтау мен сөйлеу қабілетін жоятын ми жасушаларының өлуін сипаттап жазып қалдырған.

Ұлттық госпитал неврологы Фатима Искакованың айтуынша, ауруды түбегейлі емдеу әлі мүмкін емес, бірақ оның өршуін баяулатуға жол бар.

-Дәрі-дәрмектен бөлек, қимыл-қозғалыс пен белсенді өмір салтының пайдасы зор. Қол саусақтарына арналған жаттығуларды да назардан тыс қалдырмау қажет, себебі олар мимен тікелей байланысты. Біз науқастарымызды кітап оқуға, сурет салуға, қолөнермен айналысуға, жазуға және әңгімелесуге ынталандырамыз. Қолтаңбаға қарап-ақ адамның жадының деңгейін бағалауға болады. Өкінішке қарай, бүгінде адамдардың қолмен аз жазуы миға кері әсерін тигізуде, - дейді ол.

Альцгеймер ешкімді айналып өтпейді ол нәсілге де, әлеуметтік мәртебеге де тәуелді емес. Ақыл-ой еңбегінен қол үзбеген белгілі саясаткерлердің өзі, мысалы, Маргарет Тэтчер де осы сырқатқа шалдыққан.

Дәрігерлердің айтуынша, ми сергек болуы үшін үнемі жаттығу қажет. Кітап оқу, ой қорыту, талдау жасау, есте сақтауды дамыту және адамдармен қарым-қатынас соның бәрі пайдалы. Ми үшін ең тиімдісі күрделі істерді атқару. Ал шамадан тыс жайлылық керісінше әлсіретеді.