
Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі мен Оңтүстік Кореяның жетекші CISLO компаниясы жоғары технологиялық хирургия саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжаттың мақсаты заманауи роботтандырылған технологияларды Қазақстанның медициналық тәжірибесіне енгізу және екі ел арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеру.
CISLO компаниясы Азия құрлығындағы жетекші және әлемде хирургиялық роботтар өндіретін екінші ірі өндіруші. Компанияның басты инновациялық өнімі REVO-I хирургиялық роботы бүгінде Өзбекстан, Ресей, Финляндия және бірқатар өзге мемлекеттердің емханаларында табысты қолданылып келеді.
Ұлттық госпиталь Қазақстанда REVO-I жүйесін енгізу бойынша тәжірибелік жобаны іске асырудың тірек клиникалық алаңы ретінде айқындалуда. Бұл Президент Іс Басқармасы жүйесінде роботтандырылған хирургия саласында жинақталған ұйымдық және технологиялық тәжірибенің болуымен байланысты.
REVO-I хирургиялық дәлдігімен, икемділігімен және тіндерге минималды зақым келтіруімен ерекшеленеді. Бұл факторлар отадан кейінгі оңалту мерзімін қысқартып, науқастың сауығу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай технологияларды енгізу отандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, клиникалық үдерістерді цифрландыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі стратегиялық міндеттерге сай келеді.