Аллергияны күзде емдеу жайлы Ұлттық госпитальдің терапевт-аллерголог дәрігері Ақерке Бекболатова мағұлұмат берді.
Маусымдық аллергияны күзде емдеу келесі көктемгі аллергия маусымына ағзаны алдын ала дайындау. Бұл кезде арнайы аллергенге қарсы ем (аллерген-спецификалық иммунотерапия) жүргізіледі. Ол ағзаның аллергия тудыратын заттарға төзімділігін біртіндеп арттырып, көктемде симптомдардың әлдеқайда жеңіл өтуіне немесе мүлде болмауына көмектеседі.
Бізде диагностикаға жоғары сезімталдықтағы зертханалық талдаулар мен аллерготесттердің жаңа түрлері қолданылады. Әр науқасқа жеке тәсілмен ем тағайындалып, қауіпсіз әрі тиімді аллерген-спецификалық иммунотерапия (вакцинация) жүргізіледі. Емдеу процесі аллерголог пен иммунологтың бақылауымен өтеді. Мұның барлығы — емделушінің жағдайын жақсартуға және аллергияның қайта пайда болу қаупін азайтуға негізделген. Аллергияға қарсы вакцинаның бірнеше түрі бар. Кең тараған түрі — инъекциялық (екпе), ол дәрігердің бақылауымен жүргізіледі. Ал заманауи нұсқалары — тіл астына тамызылатын сұйық немесе таблетка. Бұл әдіс адамға ыңғайлы емді үйде де қабылдауға болады. Қазіргі таңда қолданылатын вакциналар қауіпсіздігі мен тиімділігі жоғары, халықаралық стандарттарға сай. Емнің алғашқы әсері бірнеше айдан кейін байқалады, ал тұрақты нәтижеге 2–3 жылдық курстан кейін байқалады.
Аллерген-спецификалық иммунотерапияны (вакцинаны) дәрігер тағайындаған мөлшер мен мерзімде толық қабылдау арқылы созылмалы аллергиядан толығымен айығуға болады. Бұл ем ағзаны аллергенге біртіндеп үйретіп, иммундық жүйенің дұрыс жауап беруін қалыптастырады. Мұндай тұрақты нәтиже емді үзбей, толық курсынан өткен науқастардың басым бөлігінде байқалады. Көптеген пациенттер бірнеше жылдық емнен кейін бұрын мазалайтын аллергия белгілерінен біржола құтылған.
Біз келер жылы емдеуде Lofarma Allergoid препаратын еуропалық стандарт бойынша және Антиполлинді Қазақстандық тәжірибе негізінде қолданамыз. Бұл әдістер бір-бірін толықтырады: Lofarma Allergoid — ұзақ мерзімді иммундық толеранттылық қалыптастыруға, ал Антиполлин — симптомдарды тез жеңілдетуге бағытталған.