Басты бетАбайлаңыз тұмау

Абайлаңыз тұмау

Абайлаңыз тұмау

Күзгі ауа райының құбылуына орай респираторлық вирустық инфекцияларда (ЖРВИ) «ояна бастайды». Солардың ішіндегі ең жиі кездесетіні - тұмау. Тұмау – тез таралатын өте жұқпалы ауру. Ұлттық госпитальдің жоғары санатты инфекционист дәрігері Сәуле Қажығалиқызы Шағмановадан тұмау жайлы бірқатар мағлұмат алған едік.

- Маусымдық тұмау вирустарының төрт түрі бар: A, B, C және D типтері. А және В тұмауы вирустары адамдар арасында таралатын және аурудың маусымдық эпидемиясын тудыратын қосалқы түрлерге бөлінеді.

Тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекциялар вирус жұқтырған адамнан басқаларға ауа арқылы беріледі. Сырқат адам жөтелгенде, сөйлегенде немесе түшкіргенде оның айналасындағы ауаға сілекей тамшылары мен вирустары бар шырыш тарайды - дейді Сәуле Қажығалиқызы.

Тұмаумен жиі ауыратындар:

Қарт адамдар, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, білім беру, денсаулық сақтау, сауда және басқа да қызмет көрсету салаларындағы қызметкерлер, жүкті әйелдер, иммундық жүйесі әлсіреген немесе қант диабеті жүрек ауруы немесе тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары бар адамдар.

Тұмаудың алдын алу шаралары:

Адамдар көп жиналатын орындарға бармаған жөн. Қоғамдық көлікте, медициналық мекемелерге және басқа да қоғамдық орындарға барған кезде медициналық бетперде киіп алыңыз. Таза ауада көбірек уақыт өткізу – күнделікті серуендеу иммундық жүйені нығайтады, ұйқыны және жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартады. Сондай-ақ жеке бастың гигиенасын қатаң сақтау да аса маңызды - дейді инфекционист Сәуле Шағманова.