Басты бетЖоба туралы

Жоба туралы

Ұлттық госпитальда инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту басталды.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі жаңа медициналық корпустарды кезең-кезеңімен салуды және инфрақұрылымды кешенді жаңартуды көздейтін ауқымды жаңғырту жобасын іске асыруға кірісті.
Жобаны жүзеге асыру қажеттілігі 1950–1970 жылдары салынған ғимараттарды техникалық тексеру нәтижелерімен байланысты. Сараптама бірқатар нысандардың физикалық тозу деңгейінің жоғары екенін, сондай-ақ олардың қауіпсіздік, сейсмикалық тұрақтылық және емдеу процесін ұйымдастыру бойынша заманауи талаптарға сәйкес келмейтінін көрсетті.
Жаңғырту жұмыстары госпиталь қызметін тоқтатпай, кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бейінді бөлімшелерді басқа медициналық ұйымдарға көшіру жоспарланбаған, ұжым толық құрамда сақталады, ал пациенттерге медициналық көмек штаттық режимде көрсетіледі.
Құрылыстың бірінші кезеңі 2026 жылы басталып, 2028 жылы аяқталады. Жобаны толық іске асыру 2029 жылға дейін жоспарланған.
Жаңғырту нәтижесінде Ұлттық госпиталь жаңартылған операциялық блоктары, жоғары технологиялық жабдықтары, жайлы палаталары және медициналық процестерді басқарудың цифрлық жүйелері бар заманауи көпсалалы медициналық орталыққа айналады.
«Госпитальді жаңғырту медициналық көмекті одан әрі дамыту және емдеудің заманауи стандарттарын енгізу үшін қажетті қадам болып табылады», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің директоры Асхат Бралов.