90 жылдан астам тарихы бар еліміздегі ең көне медициналық мекемелердің бірі – Ұлттық госпитальда тіркеудемін. Бірнеше жылдан бері осы жерде тексеріліп, ем алып жүргендіктен, дәрігерлердің кәсібилігіне де, науқастарға деген жанашыр қарым-қатынасына да ризамын.
Денсаулық – адам өміріндегі ең үлкен байлық. Театр ұжымымен көптеген шетел мемлекеттеріне гастрольдік сапарлармен барып жүріп, заманауи медициналық орталықтардың жұмысын көруге мүмкіндік алдым. Әлемнің дамыған елдерінде медицина саласы үнемі жаңарып, жаңа технологиялармен толықтырылып отырады. Себебі уақыт бір орында тұрмайды, ал медицина әрдайым дамуды талап етеді.
Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласы да қарқынды дамып келеді. Заманауи медициналық технологиялар енгізіліп, дәрігерлердің кәсіби біліктілігі артып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсарып жатыр. Яғни, мемлекетіміздің адам денсаулығына ерекше көңіл бөліп отырғанының айқын көрінісі.
Сондықтан Ұлттық госпиталь аумағында жаңа медициналық ғимараттардың салынып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін уақыт талабынан туындаған дұрыс әрі қажетті шешім деп есептеймін. Ең бастысы – мұның бәрі халықтың денсаулығы үшін, науқастардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жасалып жатыр. Болашақта бұл жерде халықаралық талаптарға сай, мүмкіндігі кең, заманауи медициналық кешен қалыптасатынына сенемін.
Ұлттық госпиталь еліміздің медицина тарихында ерекше орны бар мекеме. Оның игі дәстүрлері мен кәсіби мектебі сақталып, жаңа деңгейде дамуы керек деп ойлаймын. Сондықтан жаңғырту жұмыстары мен жаңа медициналық ғимараттардың салынуын қолдаймын.
Осы орайда Ұлттық госпитальдың бүкіл ұжымын келе жатқан Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолындағы жауапты еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін.