Басты бетСыртқы отит. Құлақ инфекциясы

Сыртқы отит. Құлақ инфекциясы

Сыртқы отит. Құлақ инфекциясы

Жаз – демалуға, күнге қыздырынуға және суға түсуге арналған мезгіл. Алайда, жазғы демалысыңызды тонзиллит пен құлақ инфекциялары сияқты аурулар бұзуы мүмкін. Отит – бұл сыртқы құлақ пен дабыл жарғағының арасындағы сыртқы есту жолы терісінің қабынуы. Бұл ауру көбінесе құлаққа су кіріп, ұзақ уақыт бойы сол жерде тұрып қалғаннан кейін дамиды. Құлақ ішіндегі жылу мен ылғалдылық бактериялар мен саңырауқұлақтар сияқты микробтардың көбеюіне қолайлы жағдай туғызады. Ұлттық госпитальдің оториноларинголог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Алмас Бисұлтанұлы Аманғалиевтің айтуынша сыртқы отит бірнеше себептен пайда болады. Бассейнде, теңізде немесе көлде шомылғаннан, сондай-ақ душ қабылдағаннан кейін, құлақты мақта таяқшаларымен, сіріңкемен немесе басқа заттармен тазалағаннан, құлақ ішіндегі теріні тырнап алғаннан кейін, құлаққапты, құлақ тығындарын немесе есту аппараттарын жиі қолданған кезде, экзема, аллергия немесе терінің басқа да ауруларынан және құлаққа ластанған су кіргеннен кейін.

Құлақ инфекциясы кезінде көрсетілетін алғашқы көмек:

  • Құлақты құрғақ ұстаңыз. Уақытша бассейнге немесе ашық су айдындарына барудан бас тартыңыз. Жуынған кезде құлаққа су кіргізбеуге тырысыңыз.
  • Құлаққа ешнәрсе салмаңыз. Мақта таяқшаларын, сіріңке немесе басқа да заттарды қолданбаңыз. Құлақ ішіндегі сұйықтықты немесе құлақ балауызын өз бетіңізше алып тастауға тырыспаңыз, себебі бұл жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Кейде дәрігерге арнайы құралдардың көмегімен құлақ жолын мұқият тазалауы қажет болады.
  • Құлаққа спирт, сутегі асқын тотығын, бор қышқылын, май немесе басқа да үй жағдайындағы емдік құралдарды тамызбаңыз! Егер дабыл жарғағы зақымдалған болса, кейбір ерітінділер қауіпті болуы мүмкін.
  • Құлақтың айналасына ыстық сүлгі басып, спирттен компресс жасамаңыз!
  • Ауырсынуды басу үшін, егер сізде қарсы көрсетілімдер болмаса, нұсқаулыққа сәйкес парацетамол немесе ибупрофен қабылдауға болады-дейді дәрігер Алмас Аманғалиев.