Шілде айының соңында ҚР Президенті іс басқармасы Медицина Орталығының Алматы облысындағы күндері өтіп жатыр. Бұл шара айына екі рет Қазақстанның барлық өңірлерін қамтып, тұрақты түрде өткізіліп келеді. «Медициналық орталық күндерін» өткізудің негізгі мақсаты – халық үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Сондай-ақ өңірлік мамандармен тәжірибе алмасу, күрделі клиникалық жағдайларды бірлесіп талдау, диагноз қою немесе емдеудің тактикасын анықтау қиынға соғатын пациенттерге кеңес беру. Кездесу барысында әртүрлі ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері талқыланып, шеберлік сыныптары өткізіледі.
Бұл жоба тек Алматы облысында ғана емес, бекітілген кестеге сәйкес еліміздің барлық өңірлеріне тұрақты жүргізіледі. Бұл жолығы сапар Есік қаласына жоспарланған. Мұнда консультативтік алаң ұйымдастырылады, өйткені Еңбекшіқазақ ауданының емханасына 160 мыңға жуық адам тіркелген. Алматы облысының шалғай аудандарының тұрғындары да мамандардан кеңес алады. Бейінді дәрігерлердің қабылдауына мұқтаж адамдар жергілікті медициналық ұйымдардың жолдамасы бойынша тексерілуге шақырылды.
- Бұл іс-шарадан Ұлттық госпиталдің мамандары шет қалып жатқан жоқ. Көшпелі команда құрамына 9 жоғары білікті маман алынған. Ауруханамыздың хирург, уролог, нейрохирург, акушер-гинеколог, травматолог-ортопед, пульмонолог-аллерголог, эндокринолог, невролог, ревматолог дәрігерлері бар. Олар науқастарды қабылдап, одан әрі тексеру және емдеу тактикасын анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар ең күрделі клиникалық жағдайлар бойынша жергілікті дәрігерлерге кеңес береді-дейді Ұлттық госпиталь директорының емхана ісі жөніндегі орынбасары Руслан Нұрахунов.
Келесі сапар тамыз айына жоспарланған.