10 тамыз - Абай Құнанбайұлының туған күні. Артына өшпес рухани мұра қалдырған ұлы ойшылдың қара сөздері мен өлеңдері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы, философ әрі қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы халықты білімге, ғылымға және адал еңбекке үндеп, қоғамның рухани дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Ұлы Абай 38-қара сөзінде ақыл мен ғылымға жетудің алғышарттарының бірі ретінде «сезім мүшелерінің саулығы» мен «тән саулығын» атап өтеді. Ақын адамның кейбір қасиеттері туа бітсе, ізгі мінез бен жақсы қасиеттердің қалыптасуына ата-ана тәрбиесі, ұстаз және қоршаған ортаның ықпалы зор екенін айтады.
Абай дәріптеген білімге ұмтылу, еңбекқорлық, адамгершілік пен жауапкершілік секілді құндылықтар қазіргі қоғам үшін де маңызды бағдар болып отыр.
Ұлттық госпитальде Абай күні жыл сайын түрлі мәдени-танымдық іс-шаралармен атап өтіледі. Биыл да госпиталь ұжымы ақынның туған күніне орай арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Іс-шара барысында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының өнерпаздары Абай әндерін орындады. Сондай-ақ концертке Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері және А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы қатысты.
Абайдың дүниетанымы мен философиялық ойлары жалпыадамзаттық құндылықтармен үндеседі. Ұлы ойшылдың білімге, еңбекке, ізгілік пен парасатқа үндеген рухани мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, өз маңызын сақтай бермек.