Басты бетҒылым мен тәжірибе - заманауи неврологияның негізі

Ғылым мен тәжірибе - заманауи неврологияның негізі

Ғылым мен тәжірибе - заманауи неврологияның негізі

Ұлттық госпитальде клиникалық тәжірибемен қатар жас дәрігерлердің ғылыми-зерттеу жұмысына да көңіл бөлінеді. Ұлттық госпитальдің дәрігер-неврологы, Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі Махмұт Мырзахметов неврологиядағы заманауи диагностика, саланың ерекшеліктері және кәсіби даму туралы айтып берді.

Қазіргі таңда неврологияда нейрофизиологиялық және нейровизуализациялық әдістер кеңінен қолданылады. Соның ішінде МРТ және КТ зерттеулері күнделікті тәжірибеде маңызды орын алады. Бұл технологиялар жүйке жүйесіндегі өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді және үнемі жетілдіріліп келеді.

Сонымен қатар электронейромиография мен электроэнцефалография әдістері қолданылады. Электронейромиография жүйке-бұлшықет жүйесіндегі ауытқуларды анықтауға көмектессе, электроэнцефалография мидың биоэлектрлік белсенділігін бағалауға және эпилепсиялық синдромдарды диагностикалауға мүмкіндік береді.

Маманның айтуынша, қазіргі неврологиядағы маңызды бағыттардың бірі – операция кезіндегі нейрофизиологиялық мониторинг. Бұл әдіс хирургиялық араласу барысында жүйке жүйесінің қызметін бақылауға мүмкіндік береді. Соның арқасында маңызды неврологиялық құрылымдардың зақымдану қаупін төмендетіп, операцияның қауіпсіздігін арттыруға жағдай жасалады.

Соңғы жылдары неврологияда мамандану деңгейі де артқан. Қазір эпилепсиямен эпилептологтар, қозғалыс бұзылыстарымен осы бағытта маманданған дәрігерлер, ал созылмалы ауырсыну синдромдарымен алгологтар айналысады.

Неврологияның күрделілігі жүйке жүйесі аурулары белгілерінің әртүрлі болуымен байланысты. Кей жағдайда басқа медициналық бағыттар бойынша патология анықталмағанымен, науқаста белгілі бір симптомдар сақталуы мүмкін. Мұндай кезде оның себебін анықтау үшін жан-жақты неврологиялық тексеру қажет.

Ұлттық госпитальдің Жас ғалымдар кеңесінде ғылыми-зерттеу бағыттары, жас мамандардың кәсіби даму жоспарлары және ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланады. Кеңес мүшелері елімізде және шетелде өтетін ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап, тәжірибе алмасады.

Махмұт Мырзахметов келесі жылы PhD бағдарламасына түсуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, докторантурада білім алу клиникалық тәжірибені ғылыми зерттеумен ұштастыруға, жаңа ізденістер жүргізуге және медицина саласының дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.