ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің 70 қызметкері «Науқастарға күтім жасайтын кіші мейіргер» бағдарламасы бойынша оқу курсынан өтіп, сертификат алды. Оқу 2026 жылғы 1 шілде мен 5 тамыз аралығында өтіп, 60 сағатты қамтыды.
Бұл даярлық госпитальдық сервисті дамытудың нақты қадамдарының бірі болып отыр. Оның мақсаты ауруханада ем алып жатқан науқастарға күнделікті күтімді күшейту және мейіргерлік қызметтегі міндеттерді барынша нақты бөлу.
Бүгінде мейіргердің атқаратын жұмысы ауқымды: қажетті медициналық манипуляцияларды орындайды, науқастың жағдайын бақылайды, дәрігер тағайындауларын жүзеге асырады. Сонымен қатар жұмыс уақытының едәуір бөлігі күнделікті тұрмыстық мәселелерге жұмсалады. Жаңа үлгі осы міндеттердің бір бөлігін кіші мейіргерлерге беруге мүмкіндік береді.
Іс жүзінде бұл науқасқа жүріп-тұру, жеке бас гигиенасын сақтау, тамақтану және басқа да күнделікті қажеттіліктер кезінде жедел қолдау көрсетуге жағдай жасайды. Бұл әсіресе егде жастағы, қозғалысы шектеулі азаматтар мен емнен немесе отадан кейін қосымша күтімді қажет ететін жандар үшін маңызды.
Мұндай тәсіл мейіргерлік қызмет үшін де маңызды. Міндеттердің нақты бөлінуі күнделікті және физикалық жүктемені азайтып, артық жұмыс істеу қаупін төмендетеді әрі арнайы біліктілікті қажет ететін міндеттерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кіші мейіргер қызметі кәсіби өсудің алғашқы сатысына айнала алады. Алған білім мен дағдылар қызметкерлерге оқуын жалғастыруға, біліктілігін арттыруға және алдағы уақытта осы салада кәсіби тұрғыда дамуға жол ашады.
Осылайша, 70 қызметкердің оқу бағдарламасынан өтіп, сертификат алуы – жай ғана даярлықтың аяқталуы емес, ауруханада заманауи қызмет көрсетуді дамытуға бағытталған нақты қадам. Оның басты мәні - мамандарға бейінді міндеттеріне көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік беру, ал ауруханада ем алып жатқан науқастарға көбірек көңіл бөліп, жайлы жағдай мен сапалы күтім көрсету.