2026 жылғы 25-26 тамызда ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде науқастарға тегін офтальмологиялық тексеру акциясы өткізіліп жатыр. Ұлттық госпитальдің бастамасымен диагностика жүргізу үшін Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының мобильді офтальмологиялық орталығы шақырылды.
Акция Ұлттық госпиталь мен Қазақ көз аурулары ҒЗИ арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылып, науқастар үшін мамандандырылған офтальмологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бүгінде жұмыс, оқу және күнделікті өмір компьютерлермен, смартфондармен және басқа да цифрлық құрылғылармен тығыз байланысты. Бұл көру мүшелеріне түсетін жүктемені арттырады. Сонымен қатар барлық науқас офтальмологқа дер кезінде жүгіне бермейді. Мобильді формат Ұлттық госпиталь аумағында алғашқы диагностиканы тікелей өтуге мүмкіндік береді.
«Егер науқас офтальмологқа дер кезінде келе алмаса, біз өзіміз науқасқа бара аламыз. Мобильді диагностикалық орталық жобасының идеясы осыдан туындады», - деді Қазақ көз аурулары ҒЗИ маманы.
Мобильді офтальмологиялық орталық Қазақстандағы осы бағыттағы алғашқы жоба. Диагностикалық автобуста науқастар көру өткірлігін, көздің рефракциясын және көз ішілік қысымды тексеріп, офтальмологтың алғашқы қабылдауынан өтіп, алдын ала қорытынды ала алады.
Мамандардың байқауынша, жас науқастар арасында жиі кездесетін мәселелердің бірі құрғақ көз синдромы. Сондай-ақ бұрын егде жастағы адамдарда жиірек кездескен кейбір аурулар бүгінде жас науқастардан да анықталып жүр. Соның ішінде катаракта бар.
Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз дамуы мүмкін глаукомаға ерекше назар аударылады. Көру өткірлігінің төмендеуі, көздің жиі жасаурауы және көру мүшелеріндегі басқа да өзгерістер офтальмологқа қаралуға себеп болуы мүмкін. Маманның айтуынша, 40 жастан кейін профилактикалық офтальмологиялық тексерулердің маңызы арта түседі.
Диагностика барысында ауру белгілері анықталған жағдайда науқасқа тиісті ұсынымдар беріліп, қажет болған кезде әрі қарай ем алу үшін бейінді мамандарға жолданады.
Мобильді орталықтың өткізу мүмкіндігі күніне шамамен 50-60 адамды құрайды. Ұлттық госпитальдегі екі күндік жұмыс барысында шамамен 100-120 науқасты тексеру жоспарланған.
Акция науқастарға алғашқы диагностиканы дер кезінде өтуге, көру қабілетіндегі ықтимал өзгерістерді анықтауға және қажет болған жағдайда әрі қарай бақылау мен емдеу тактикасын белгілеуге мүмкіндік береді.