Басты бетЖедел жәрдем бригадамыз үздік бестікте

Жедел жәрдем бригадамыз үздік бестікте

Жедел жәрдем бригадамыз үздік бестікте

Тараз қаласында жедел медициналық жәрдем бригадалары арасында республикалық екінші ашық чемпионат өтті. Отандық командалармен қатар жарысқа Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан және Әзербайжаннан келген медицина мамандары қатысты.

Чемпионат теориялық және практикалық кезеңдерден тұрды. Теориялық бөлімде қатысушылар 100 сұраққа жауап берсе, практикалық тапсырмалар шынайы жағдайларға барынша жақындатылып ұйымдастырылды. Тіпті муляждар да қолданылған жоқ.

Ұлттық госпитальдің жедел медициналық жәрдем тобы биыл чемпионатқа алғаш рет қатысып, 27 команданың арасынан 5-орын иеленді.

– Бізге шартты жарылыс болған жағдайда жұмыс істеу тапсырмасы түсті. Зардап шеккендерді триаж жүйесі бойынша жедел сұрыптадық. Сондай-ақ уақытқа жүрек-өкпе реанимациясын жүргізіп, босанушы әйел мен жаңа туған нәрестеге, ауыр жағдайда жатқан балаларға және ауыр жарақат алған науқастарға шұғыл көмек көрсету бойынша тапсырмаларды орындадық. Қазылар алқасы біздің өнерімізді жоғары бағалады. Ұлттық госпиталь жағдайында балалармен және босанушылармен жұмыс істемейтінімізді ескерсек, бұл біз үшін өте жақсы нәтиже, деді жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі Дамир Юлдашев.

Чемпионат қорытындысы бойынша Қызылорда фельдшерлерінің командасы үздік атанды. Жарыс ережесіне сәйкес, келесі чемпионат Қызылорда қаласында өтеді.

Ұлттық госпиталь командасы алдағы жарысқа да қатысуды жоспарлап отыр. Өйткені мұндай чемпионаттар мамандар үшін тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті жетілдіруге және әріптестермен байланыс орнатуға жақсы мүмкіндік береді.