Гинекология бөліміне алғашқы жүктілігінің ерте мерзіміндегі жас әйел түсті. Бұған дейін ол қатты ауырсыну шағымымен Алматыдағы басқа ауруханаға жатқызылған. Сол жерде оның кистасы бар екені анықталған. Ауырсынуды басатын дәрілер көмектеспеген. Ал жүкті әйелге ота жасауға дәрігерлер тәуекел етпей, Ұлттық госпитальдің тәжірибелі гинекологы Шолпан Алиевадан көмек сұраған.
— Бұл өте жауапты операция болды, өйткені алғашқы жүктілік пен болашақ ананың денсаулығы сынға түсті. Диагноздың дәлдігі, жедел әрекет ету және сақтық аса маңызды болды, — деп түсіндірді дәрігер.
Нәтижесінде хирургиялық араласу небәрі 25 минутқа созылды. Киста алынып, ұрық пен репродуктивті ағзалар сақталды. Қазір әйел үйіне шығарылып, жүктілігін әрі қарай өзі тіркелген аудандық гинекологтардың бақылауында жалғастыратын болды. Медицинада адам өмірін құтқару туралы сөз болғанда бәсекелестік болмайды. Ал бұл жағдайда әңгіме бір емес, екі адамның өмірін сақтау туралы болды.