Дүниежүзілік құтырумен күрес күні қарсаңында Ұлттық госпитальдің дәрігер-инфекционисі Сауле Шағманова №120 гимназияда ата-аналар мен мұғалімдерге арналған дәріс өткізді. Бұл күн құтыруға қарсы вакцина жасаған француз микробиологы Луи Пастердің қайтыс болған күніне орай белгіленген. 1885 жылғы 6 шілдеде ол тарихта алғаш рет құтырған ит қапқан 9 жасар Йозеф Мейстерге осы вакцинаны қолданып, баланың аман қалуына себеп болды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын құтырудан 55 мыңнан астам адам қайтыс болады, олардың 40%-ы — балалар. Қазақстанда да бұл ауру кездеседі. Өткен жылы жануарлардың тістеуі мен тырнауына байланысты медициналық көмекке 60 мыңнан астам адам жүгінген. Құтырудың өліммен аяқталған 3 жағдайы тіркелді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында көмекке 14 мыңнан астам адам жүгінді, олардың арасында құтыру жағдайлары тіркелген жоқ.
Дәрігер аурудың белгілері, клиникалық көрінісі, емделуі және адамға жануар шабуыл жасаған жағдайда не істеу керектігі туралы айтып берді. Жараны сабынды ерітіндімен кемінде 15 минут бойы мұқият жуып, залалсыздандырғыш құралдармен өңдеу және шұғыл түрде емханаға немесе травматологиялық пунктке жүгіну қажет. Алматы қаласында мұндай көмек көпсалалы ірі ауруханалардың — ОҚКБ, ЖЖКБ, №4 қалалық клиникалық аурухана және №7 қалалық клиникалық аурухана жанындағы травматологиялық пункттерде көрсетіледі.
Онда жара өңделіп, құтыруға қарсы сарысумен немесе құтыруға қарсы иммуноглобулинмен бірге вакцина салынады.
Вакцинаның тиімділігі тістегеннен кейін медициналық көмекке жүгіну уақытына тікелей байланысты. Адам көмекке неғұрлым ертерек жүгінсе, оң нәтиже ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Шабуыл жасаған жануарға да бақылау жүргізіледі.
Инфекционист алдын алу мақсатында үй жануарларына вакцина салдыруды, серуендету кезінде қарғыбау мен тұмылдырық тағуды және оларды басқа жануарлардың шабуылынан қорғауды ұсынды.
Жануарларды ветеринариялық куәлігі бар жағдайда ғана мамандандырылған ұйымдардан сатып алу, оларды тіркеу, қаңғыбас жануарлармен байланыстан аулақ болу, аурудан өлген ауыл шаруашылығы және үй жануарларын өз бетінше союға немесе жоюға болмайды.