Өкпе обыры - өкпе немесе бронх тінінің жасушаларынан дамитын қатерлі ісіктің аса қауіпті түрлерінің бірі. Халықаралық обырды зерттеу агенттігінің деректеріне сәйкес, жыл сайын әлемде өкпе обырының шамамен 2,3 миллион жаңа жағдайы анықталады. Дерттің басты қауіптілігі бастапқы кезеңдерде айқын белгілердің болмауы және көп жағдайда кеш анықталуы. Өкпе обырының қауіп факторлары, белгілері мен алдын алу жолдары туралы Ұлттық госпитальдің алдын алу медицинасы және салауатты өмір салты жөніндегі дәрігері Флюра Смаилова айтып берді.
Қазақстанда жыл сайын өкпе обырының 4 мыңға жуық жаңа жағдайы анықталады. Негізгі қауіп факторы темекі шегу. Ауруға шалдығу қаупі темекі шегу ұзақтығы мен мөлшеріне қарай арта түседі. Бұл кәдімгі темекімен қатар электронды темекі мен кальянға да қатысты.
Пассивті темекі шегу де өкпе обырының даму қаупін арттырады. Радон, асбест, мышьяк және басқа да химиялық заттардың ұзақ әсері, ауаның ластануы, өндірістік түтін мен зиянды газдар да өкпе саулығына кері әсер етеді. Өкпенің созылмалы аурулары мен отбасылық анамнезде қатерлі ісіктің болуы да қауіп факторларына жатады.
Өкпе обырына ғана тән арнайы белгі жоқ. Алайда үш аптадан астам уақытқа созылған жөтел, қан аралас қақырық, ентігу, дауыстың қарлығуы, кеуде тұсының ауыруы, себепсіз салмақ жоғалту, әлсіздік пен шаршау байқалса, дәрігерге қаралған жөн. Бұл белгілер міндетті түрде қатерлі ісікті білдірмейді, бірақ тексеруді қажет етеді.
Халықаралық ұсынымдарға сәйкес, өкпе обырының даму қаупі жоғары адамдарға төмен дозалы компьютерлік томография арқылы скрининг ұсынылады. Әдетте бұл тексеру 50-80 жас аралығындағы, ұзақ уақыт темекі шеккен, қазіргі уақытта темекі шегетін немесе оны соңғы 15 жыл ішінде тоқтатқан адамдарға жүргізіледі.
Қазақстанда өкпе обырын анықтау үшін КТ, МРТ, ПЭТ-КТ, морфологиялық және иммуногистохимиялық зерттеулер қолданылады. Емдеу тәсілі дерттің сатысына және ісіктің ерекшелігіне қарай жеке таңдалады. Кешенді ем хирургиялық отаны, сәулелік терапияны, химиотерапияны, иммунотерапияны және нысаналы терапияны қамтуы мүмкін.
– Темекіден бас тарту, темекі түтінінен аулақ болу, еңбек қауіпсіздігін сақтау және уақтылы тексерілу ауру қаупін төмендетеді. Ал өкпе обырын ерте анықтау емнің нәтижелі болу мүмкіндігін едәуір арттырады, - дейді Флюра Смаилова.