Ұлттық госпиталь Медициналық орталығының аллерголог дәрігері Зарина Жәкібаева маусымдық аллергияны анықтау жолдары, оның алдын алу және заманауи емдеу әдістері жөнінде түсініктеме берді.
Өсімдік тозаңына аллергия тыныс алу жолдарының кең таралған аллергиялық ауруларының бірі. Медицинада бұл ауру поллиноз деп аталады. Әсіресе өсімдіктердің гүлдеу кезеңінде мұрынның бітелуі, жиі түшкіру, көздің жасаурауы мен қышуы сияқты белгілер байқалады.
Дәрігердің айтуынша, тиімді ем тағайындау үшін алдымен аллергияны қоздыратын затты анықтау қажет. Бұл мақсатта зертханалық қан талдаулары, соның ішінде ALEX тесті және тері сынамалары қолданылады. Зерттеу нәтижелері ағаштардың, шалғындық шөптердің немесе арамшөптердің қайсысының тозаңы аллергиялық реакция тудыратынын анықтауға көмектеседі.
«Аллергияны емдеудің тиімді әдістерінің бірі аллергенге арнайы иммунотерапия (АСИТ). Бұл әдіс ағзаны аллергия тудыратын затқа біртіндеп бейімдеуге негізделген. Ем барысында аллергеннің арнайы дайындалған мөлшері белгіленген тәртіппен беріледі. Нәтижесінде иммундық жүйенің аллергенге шамадан тыс жауап беруі төмендеуі мүмкін», - деп түсіндірді Зарина Жәкібаева.
Ұлттық госпитальда иммунотерапия үшін негізінен тіл астына қолданылатын препараттар пайдаланылады. Емдеу тәсілі зерттеу нәтижелеріне, аллергияның түріне және науқастың жеке ерекшеліктеріне қарай таңдалады.
Маманның айтуынша, АСИТ-тің толық курсы әдетте 3-5 жылға созылады. Кейбір науқастар алғашқы жылдан кейін-ақ аллергия белгілерінің жеңілдегенін байқайды. Ал толық курстан кейін ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізу мүмкіндігі артады.
«Аллергияны барлық жағдайда біржола жою мүмкін емес. Дегенмен дұрыс таңдалған ем оның белгілерін айтарлықтай азайтып, өмір сапасын жақсартуға көмектеседі. Ең бастысы дәрігер ұсынған емдеу тәртібін сақтау», - деді аллерголог.
Аллергияны емдеуде иммунотерапиямен қатар аллергенмен жанасуды шектеу және дәрілік емдеу әдістері қолданылады. Ал аурудың кейбір ауыр түрлерінде биологиялық терапия тағайындалуы мүмкін.
Мамандар аллергия белгілері маусым сайын қайталанса, дер кезінде дәрігерге қаралуға кеңес береді.
Ұлттық госпитальдың аллерголог дәрігерінің қабылдауына жазылу және қосымша ақпарат алу үшін төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласуға болады:
8 776 338 43 10 - ұялы телефон
8 727 261 97 87 - қалалық телефон.