Артрит буындардың қабынуымен сипатталатын, адамның қозғалысын шектеп, өмір сапасын төмендететін ауру. Уақтылы анықталып, тиісті ем жүргізілмеген жағдайда оның кейбір түрлері буындардың зақымдануына, тіпті мүгедектікке әкелуі мүмкін.
12 қазан - Дүниежүзілік артритке қарсы күрес күніне орай ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің ақылы қызмет көрсету бөлімшесінің ревматолог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлбану Өсербаева аурудың пайда болу себептері, алғашқы белгілері және алдын алу жолдары туралы түсіндірді.
Артриттің дамуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында тұқым қуалайтын бейімділік, кейбір инфекциялар, гормондық өзгерістер, зат алмасудың бұзылуы және темекі шегу бар. Сондай-ақ созылмалы ішек аурулары мен псориаз кезінде де буындардың қабынуы байқалуы мүмкін.
Артриттің кейбір түрлері күйзелістен кейін басталуы немесе өршуі мүмкін. Ал артық салмақ буындарға түсетін жүктемені арттырып, остеоартриттің дамуына ықпал етеді. Сондықтан аурудың нақты себебін анықтап, емді дер кезінде бастау маңызды.
Артриттің барлық түрі бірдей емделмейді. Мәселен, кейбір инфекциялардан кейін дамитын реактивті артрит толық жазылуы мүмкін. Ал ревматоидты артрит, Бехтерев ауруы және псориаздық артрит көбіне ұзақ мерзімді емдеу мен тұрақты медициналық бақылауды қажет етеді.
Бұл ауруларды ерте анықтау қабынуды бақылауға, буындардың зақымдануын бәсеңдетуге және ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Алайда емді кеш бастау буын қызметінің бұзылуына және адамның күнделікті қозғалысының шектелуіне әкелуі мүмкін.
Буын саулығын сақтау үшін дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау, дұрыс тамақтану, тұрақты дене белсенділігімен айналысу, темекіден бас тарту және инфекциялық ауруларды уақтылы емдеу маңызды. Сонымен қатар күнделікті дене жаттығуларын жасау бұлшықеттерді нығайтып, буындардың қозғалғыштығын сақтауға көмектеседі.
«Егер буындарыңыз ауырса, ісінсе, таңертең қозғалысыңыз қиындаса немесе буын қимылы шектелсе, бұл белгілерді елеусіз қалдырмаңыз. Ревматологқа дер кезінде қаралу аурудың асқыну қаупін азайтуға көмектеседі. Ең бастысы – салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау», - деп кеңес берді дәрігер.
Ұлттық госпитальдің ревматолог дәрігеріне қаралу үшін колл-орталық арқылы қабылдауға жазылуға болады.
Байланыс телефондары:
8 776 338 43 10 - ұялы телефон;
8 727 261 97 87 - қалалық телефон.