Басты бет › Ұлттық госпиталь мамандары Қарағандыда мейіргер ісін басқару тәжірибесімен бөлісті

Ұлттық госпиталь мамандары Қарағандыда мейіргер ісін басқару тәжірибесімен бөлісті

Ұлттық госпиталь мамандары Қарағандыда мейіргер ісін басқару тәжірибесімен бөлісті

ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері аясында Ұлттық госпиталь мамандары кәсіби тәжірибе алмасуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларға қатысты. Іс-шара Қарағанды қаласындағы Облыстық клиникалық ауруханада өтті.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің терапиялық қызметінің мейіргер ісі жөніндегі менеджері Мадина Кенжебекова «Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі мейіргер ісін басқару: тәуекелдерді басқару, инфекциялық қауіпсіздік және қызметкерлердің шұғыл жағдайларға дайындығы» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндама барысында маман мейіргер қызметін ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, тәуекелдерді басқару және науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу, сапа стандарттарын сақтау, дәрілік заттарды қауіпсіз қолдану және медицина қызметкерлерінің шұғыл жағдайларда әрекет етуге дайындығына ерекше назар аударылды.

Баяндамадан кейін Мадина Кенжебекова облыстық аурухананың бас мейіргерімен бірге медициналық мекеменің бейінді бөлімшелерін аралады. Аралау барысында мамандар орта буын медицина қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастырумен, инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуымен, жұмыс орындарының жағдайымен және науқастарға қауіпсіз күтім көрсетуді ұйымдастыру тәсілдерімен танысты.

Сапар қорытындысы бойынша мейіргер ісін басқаруды жетілдіру, ықтимал тәуекелдердің алдын алу және медициналық көмектің сапасын арттыру мәселелері талқыланып, кәсіби тәжірибе алмасу өтті.

Мұндай кездесулер медицина мамандарына тәжірибелік білімдерімен бөлісуге, өңірлердегі әріптестерінің жұмысымен танысуға және науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді.

Ұлттық госпиталь мамандарының ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндеріне қатысуы өңірлік медициналық ұйымдармен кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін дамытуға ықпал етеді.