Басты бет › Сүт безі обырына жол жоқ!

Сүт безі обырына жол жоқ!

Сүт безі обырына жол жоқ!

Сүт безі обыры әйелдер арасында ең жиі анықталатын қатерлі ісіктердің ішінде бірінші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сәйкес, әлемдегі әрбір сегізінші әйел өмірінде осы диагнозбен бетпе-бет келеді.

Сүт безі қатерлі ісікке ең осал ағзалардың бірі болып саналады. Оның үстіне ауруға шалдыққандар саны жыл сайын артып келеді. Бұған экологиялық жағдай, тамақтану ерекшеліктері, семіздік және зат алмасу бұзылыстары әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар дамыған елдерде және Қазақстанда аурудың жиі анықталуы маммографиялық скринингтердің кеңінен жүргізілуімен де байланысты. Мұндай тексерулер қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

 Қазақстанда жыл сайын сүт безі обырының 5 500–5 600-ден астам жаңа жағдайы тіркеледі. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2020 жылдардың басында бұл көрсеткіш жылына шамамен 4 000–5 000 жағдайды құраған. Сонымен қатар аурудың ерте сатыларында анықталу үлесі артты. Бұл өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге және емнің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Аурушаңдықтың ең жоғары көрсеткіші 65–69 жас аралығында байқалады. Дегенмен дәрігерлер соңғы жылдары сүт безі обырының жас адамдар арасында да кездесіп жатқанын атап өтуде, -деді Ұлттық госпитальдің хирург-маммолог дәрігері Рабаджан Зайнидинов.

Елімізде сүт безі обырының тіркелген жағдайлары бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Қалада осы диагнозбен диспансерлік есепте 9 520 пациент тұр. Олардың арасында 20 ер адам да бар. Демек, сүт безі обыры тек әйелдерге ғана тән ауру емес.

Дәрігерлер аурудың алдын алу және оны ерте анықтау үшін скринингтік тексерулерден уақытылы өтудің маңыздылығын атап өтеді. Әсіресе Қазақстанда тиісті жас санатындағы азаматтар үшін мұндай тексерулердің тегін жүргізілетінін ескерген жөн.