Сүйектің беріктігі адамның қимыл-қозғалыс белсенділігін сақтап, салауатты әрі белсенді өмір сүруіне тікелей әсер етеді. Алайда жас ұлғайған сайын, сондай-ақ созылмалы аурулардың ықпалынан сүйек тінінің беріктігі біртіндеп төмендеп, тіпті жеңіл жарақаттардың өзі сүйек сынуына әкелуі мүмкін. Мұндай өзгерістердің негізгі себептерінің бірі көп жағдайда айқын белгілерсіз дамитын остеопороз ауруы. Дүниежүзілік остеопорозға қарсы күрес күніне орай ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі мамандары бұл ауруға кімдер көбірек бейім екенін, оны дер кезінде анықтау жолдарын және сүйек сынуының алдын алу шараларын түсіндірді.
Остеопороз кезінде сүйек тінінің минералдық тығыздығы төмендеп, оның құрылымы бұзылады. Соның салдарынан тіпті жеңіл құлаудың өзі ауыр сүйек сынуына себеп болуы мүмкін. Әсіресе сан сүйегі мойнының және омыртқаның сынуы аса қауіпті. Мұндай жарақаттар көбінесе ұзақ уақыт емделуді және оңалтуды қажет етеді. Бұл ауруға менопаузадан кейінгі әйелдер, егде жастағы адамдар және созылмалы қабыну аурулары бар науқастар көбірек бейім.
Терапия бөлімшесінің меңгерушісі Бақытгүл Орынбасарованың айтуынша, остеопороздың негізгі қауіп факторларына тұқым қуалайтын бейімділік, дене салмағының төмен болуы, физикалық белсенділіктің жеткіліксіздігі, сондай-ақ кальций мен D дәруменінің тапшылығы жатады. Ревматоидты артриті бар науқастарға ерекше назар аудару қажет. Өйткені созылмалы қабыну үдерісі мен кейбір дәрілік препараттарды ұзақ уақыт қабылдау сүйек массасының азаюын жеделдетуі мүмкін.
Соңғы алты жылда Ұлттық госпитальда ревматологиялық аурулары бар 2 000-нан астам науқас ем қабылдаған. Олардың 402-сіне ревматоидты артрит диагнозы қойылған. Мұндай науқастарды емдеу барысында мамандар негізгі аурудың ағымын ғана емес, онымен қатар дамуы мүмкін асқынулардың қаупін де бағалайды. Бұл ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтап, емдеу тәсілін соған сәйкес түзетуге мүмкіндік береді.
Остеопорозды анықтаудың негізгі әдісі сүйек тінінің минералдық тығыздығын өлшеуге мүмкіндік беретін қос энергиялы рентгендік денситометрия. Сонымен қатар дәрігерлер FRAX халықаралық бағалау құралын қолданады. Оның көмегімен алдағы он жыл ішінде сүйек сынуының ықтималдығы анықталады. Тексеру нәтижелері ем жүргізу қажеттілігін айқындауға және әр науқастың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тиімді емдеу тәсілін таңдауға көмектеседі.
Остеопорозды емдеудің заманауи тәсілдері сүйек массасының азаюын баяулатуға ғана емес, сүйек сынуының алдын алуға да бағытталған. Қауіп деңгейіне байланысты дәрігер сүйек тінінің ыдырауы мен қалпына келу үдерістеріне әсер ететін дәрілік препараттарды тағайындай алады. Сондай-ақ аурудың алдын алу үшін тұрақты тексеруден өту маңызды.
Әсіресе глюкокортикостероидтарды ұзақ уақыт қабылдайтын науқастардың денсаулық жағдайына ерекше көңіл бөлінуі тиіс.
Мамандар ағзаны кальциймен, D дәруменімен және ақуызбен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге, тұрақты дене белсенділігін сақтауға және бұлшықеттерді нығайтуға кеңес береді. Жаяу жүру, шамадан тыс күш түсірмейтін жаттығулар мен тепе-теңдікті сақтауға бағытталған дене жаттығулары сүйек саулығын қолдап, құлау қаупін азайтуға көмектеседі. Ал дәрілік препараттар мен дәрумендерді қабылдау әр адамның жеке қажеттіліктері мен дәрігердің ұсынымдарына сәйкес жүргізілуі тиіс.
Ұлттық госпитальда ревматологиялық аурулары бар науқастарды емдеуде кешенді тәсіл қолданылады. Ол қатар жүретін аурулар мен ықтимал қауіптерді бағалауды, сондай-ақ асқынулардың алдын алуды қамтиды. Остеопорозды уақтылы анықтау және дұрыс таңдалған ем сүйек сынуынан туындайтын ауыр зардаптардың алдын алуға, науқастардың қимыл-қозғалыс белсенділігі мен өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді.