Жасанды интеллект, жүрек ауруларын емдеудің жаңа әдістері, нейрохирургия мен репродуктивті медицинадағы жетістіктер Алматыда өткен «SOVMIN FORUM 2026» жас ғалымдардың IV республикалық конференциясының басты тақырыптарына айналды.
Қатысушылар ауруларды анықтау мен емдеуде заманауи технологияларды қолдану, хирургия, офтальмология, акушерлік және гинекология салаларындағы жетістіктерді талқылады. Атап айтқанда, ана құрсағындағы нәрестеге ота жасау және бедеулікті емдеудің жаңа мүмкіндіктері сөз болды.
Ғылыми жаңалықтарды дәрігерлердің күнделікті тәжірибесіне енгізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ғылыми зерттеулер белсенді дамып келеді. Қазір госпитальдің 30 маманы ғылыми жұмыспен айналысады. Негізгі бағыттар қатарында салауатты ұзақ өмір сүру, нейрохирургия және хирургиялық емдеудің жаңа әдістері бар.
Конференцияда Ұлттық госпиталь өкілінің ғылыми жұмысы екінші орынға ие болды.
Төртінші рет ұйымдастырылған SOVMIN FORUM Ұлттық госпиталь мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бірлескен бастамасымен өтті.
Форумның басты мақсаты – жас ғалымдарды қолдау, олардың тың идеяларын дамыту және ғылыми жаңалықтардың адам денсаулығын сақтауға қызмет етуіне жол ашу.