Басты бет › Ерен еңбектің лайықты бағасы

Ерен еңбектің лайықты бағасы

Ерен еңбектің лайықты бағасы

Қуанышты жаңалықпен бөліскіміз келеді! Республика күніне орай Ұлттық госпитальдің хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Айдар Бегалин «Құрмет» орденімен марапатталды.

Айдар Бегалин медицина саласында 32 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын Жедел медициналық жәрдем ауруханасының жасанды қан айналымы және шұғыл хирургия зертханасында санитар болып бастаған. Оның 25 жылдық кәсіби қызметі Ұлттық госпитальмен тығыз байланысты.

Тәжірибелі дәрігер елімізде алғашқылардың бірі болып тері арқылы нефролитотрипсия әдісін енгізіп, урология саласында лазерлік отаның дамуына зор үлес қосты. Бұл жаңашылдықтар оталардың сапасын арттырып, науқастарды емдеу мүмкіндіктерін кеңейтті.

Айдар Бегалин білікті дәрігер ғана емес, жас мамандарға жол көрсетіп жүрген тәжірибелі ұстаз. Ол бірнеше буын дәрігердің кәсіби қалыптасуына үлес қосып, Қазақстан-Ресей медицина университетінде урология курсының аға оқытушысы қызметін атқарып келеді.

Әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын, науқастарға ерекше ықылас танытатын білікті маман әрдайым кәсіби білімін жетілдіруге мән береді. Адамгершілігімен, жанашырлығымен және жоғары кәсіби шеберлігімен әріптестері мен науқастардың құрметіне бөленген.

Айта кетейік, Айдар Бегалин қазақ зиялыларының белгілі әулетінен шыққан. Оның атасы көрнекті балалар жазушысы Сапарғали Бегалин, ал ағасы белгілі кинорежиссер Мәжит Бегалин. Алматы қаласындағы кітапхана мен №120 мектеп осы тұлғалардың есімімен аталады.

Айдар Бегалинді жоғары мемлекеттік наградасымен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл марапат оның отандық медицинаны дамытуға қосқан үлесі мен көпжылдық адал еңбегінің лайықты бағасы.