Басты бет › Су ішудің пайдасы: ағзаға қанша су қажет?

Су ішудің пайдасы: ағзаға қанша су қажет?

Су ішудің пайдасы: ағзаға қанша су қажет?

Су адам денсаулығын сақтаудың маңызды факторларының бірі. Ол бүйректің қалыпты жұмыс істеуіне, қан айналымына, ас қорытуға және дене температурасын реттеуге көмектеседі. Алайда суды жеткіліксіз ішу де, шамадан тыс тұтыну да ағзаға кері әсер етуі мүмкін. ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің нефролог дәрігері Зарина Алмабаева суды дұрыс тұтынудың маңызын түсіндірді.

Маманның айтуынша, су ағзадағы зат алмасу қалдықтарының бүйрек арқылы шығарылуына ықпал етеді. Сұйықтық жеткілікті болғанда несеп көлемі көбейіп, бүйректе тас түзілу қаупі төмендейді. Сонымен қатар су сусызданудың алдын алып, ми мен бұлшықеттердің қалыпты жұмысын қолдайды. Ал ағзаға су жетіспесе, адам әлсіреп, басы айналып, тез шаршауы мүмкін.

Дәрігер тәуліктік су қажеттілігі адамның жасына, дене белсенділігіне, ауа райына және денсаулық жағдайына байланысты өзгеретінін атап өтті. Ересек әйелдер үшін тәулігіне шамамен 2,7 литр, ерлер үшін 3,7 литр жалпы су мөлшері бағдар ретінде ұсынылады. Бұл тек таза ауызсу емес, тағам мен барлық сусындардың құрамындағы суды да қамтиды. Ыстық күндері және дене белсенділігі артқанда сұйықтыққа қажеттілік жоғарылайды.

Зарина Алмабаева суды күні бойы біркелкі ішіп, негізгі сусын ретінде қарапайым суды таңдауға кеңес береді. Таңертең бір стақан су ішуге болады. 
Алайда қысқа уақыт ішінде бірнеше литр су тұтыну қауіпті. Бұл қандағы натрий деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Бүйрек ауруы бар адамдар сұйықтық мөлшеріне ерекше назар аударуы тиіс. Созылмалы бүйрек ауруының бастапқы сатыларында арнайы шектеу қажет болмауы мүмкін. Ал ауру асқынған жағдайда және диализ қабылдайтын науқастар үшін су мөлшері несеп көлеміне, ісінуге және қан қысымына қарай жеке белгіленеді. Егер несеп азайып, аяқ ісінсе немесе ентігу пайда болса, суды өз бетінше көбейтпей, дәрігерге қаралу қажет.

Су ішу дағдысын бала кезден қалыптастыру да маңызды. Алғашқы алты айда нәрестеге әдетте ана сүті немесе сүт қоспасы жеткілікті. Алты айдан бастап қосымша тамақпен бірге аз мөлшерде су беруге болады. Бір жастан кейін су ішуді күнделікті әдетке айналдырған дұрыс.

Нефрологтың айтуынша, суды дұрыс тұтыну денсаулықты сақтаудың қарапайым әрі тиімді жолы. Ең бастысы, әр адам ағзасының қажеттілігін ескеріп, ал созылмалы аурулары болған жағдайда дәрігердің ұсынымын басшылыққа алуы керек.