Басты бет › Саңырауқұлақ инфекциялары: қалай анықтауға және алдын алуға болады?

Саңырауқұлақ инфекциялары: қалай анықтауға және алдын алуға болады?

Саңырауқұлақ инфекциялары: қалай анықтауға және алдын алуға болады?

Терінің қышуы, қабыршақтануы немесе тырнақ түсінің өзгеруі саңырауқұлақ инфекциясының белгісі болуы мүмкін. Алайда мұндай өзгерістер басқа тері ауруларында да кездеседі. Саңырауқұлақ инфекциясын қалай анықтауға және одан қорғануға болатынын Ұлттық госпитальдің косметолог-дерматовенеролог дәрігері Мухаббат Насырова түсіндірді.

Саңырауқұлақ инфекциялары немесе микоздар  теріні, тырнақты, шашты, кейде шырышты қабықтарды зақымдайтын жұқпалы аурулар. Олар науқас адаммен немесе ауру жұқтырған жануармен байланысқанда, сондай-ақ ортақ сүлгі, аяқ киім, тарақ және маникюр құралдары арқылы таралуы мүмкін.

Инфекция жұқтыру қаупі бассейндерде, қоғамдық душ бөлмелері мен киім ауыстыратын орындарда жоғарылайды. Аяқтың шамадан тыс терлеуі, ылғалды орта, тар аяқ киім және терідегі ұсақ жарақаттар да аурудың дамуына ықпал етеді.

Дәрігердің айтуынша, саңырауқұлақ инфекциясының белгілері оның қай жерде пайда болғанына байланысты өзгереді. Теріде қызарған, шеті қабыршақтанған дөңгелек дақтар байқалуы мүмкін. Аяқ саусақтарының арасы қышып, тері жарылып, қабыршақтанады. Ал тырнақ зақымданса, оның түсі өзгеріп, қалыңдап, сынғыш болады. Бас терісіндегі инфекция шаштың сиреуіне немесе түсуіне әкелуі мүмкін.

Саңырауқұлақ инфекциясы кез келген жаста кездеседі. Балаларда бас терісінің зақымдануы жиірек байқалса, ересектерде аяқ терісі мен тырнақ инфекциялары кең таралған. Жас ұлғайған сайын, әсіресе қант диабеті немесе қан айналымының бұзылыстары болған жағдайда, тырнақ инфекциясының қаупі артады.

Алайда әрбір қышу немесе тырнақтың өзгеруі саңырауқұлақ инфекциясын білдірмейді. Оның белгілері экземаға, псориазға немесе дерматитке ұқсас болуы мүмкін. Сондықтан нақты диагноз қою үшін дерматолог теріден немесе тырнақтан алынған қырындыны зертханалық тексеруге жібереді.

Маман белгісіз бөртпеге гормоналды жақпамайларды өз бетінше қолданбауға кеңес береді. Мұндай препараттар саңырауқұлақ инфекциясының белгілерін өзгертіп, диагноз қоюды қиындатуы мүмкін.

Аурудың алдын алу үшін теріні, әсіресе аяқ саусақтарының арасын құрғақ ұстау маңызды. Қоғамдық орындарда жеке аяқ киім пайдаланып, сүлгі мен маникюр құралдарын өзгелермен бөліспеген жөн. Шұлықты күнделікті ауыстырып, аяқ киімнің құрғақ болуын қадағалау қажет. Ал маникюр және педикюр кезінде құралдардың тиісті тәртіппен стерильденгеніне көз жеткізу керек.

Мухаббат Насырова теріде немесе тырнақта күмәнді өзгерістер байқалса, емді өз бетінше бастамай, дерматологқа қаралуға кеңес береді. Өйткені тиімді емнің алғашқы қадамы  аурудың себебін дұрыс анықтау.