Басты бет › Буын ауруы: ревматологқа қашан қаралу қажет?

Буын ауруы: ревматологқа қашан қаралу қажет?

Буын ауруы: ревматологқа қашан қаралу қажет?

Буындардағы ауырсыну физикалық жүктемеден кейін пайда болуы, түнде немесе тіпті тыныштық күйде де мазалауы мүмкін. Кейде ауырсыну жарақатпен байланысты болса, кей жағдайда ол қабыну, зат алмасу және аутоиммундық аурулардың белгісі болуы ықтимал. Сондықтан ауырсынумен қатар жүретін басқа да белгілерге назар аудару маңызды.

Буынның ісінуі, қызаруы және сол аймақтың ысып тұруы, таңертеңгі буын сіресуі 30 минуттан ұзаққа созылуы, тыныштық күйде немесе түнде ауырсынудың пайда болуы дәрігерге қаралуға себеп болады. Сондай-ақ буындардың симметриялы зақымдануы, мысалы, екі қол басы буындарының бірдей ауыруы да алаңдаушылық тудыруы тиіс. Егер жарақаттан кейін аяққа салмақ түсіру мүмкін болмаса, буын ауруымен қатар дене қызуы көтерілсе немесе буынның пішіні тез өзгерсе, медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдыруға болмайды.

Қай маманға қаралу керек?

Госпиталіміздің дәрігер-ревматологы Меруерт Сәрсембаеваның айтуынша, егер ауырсынудың себебі белгісіз болса, алдымен терапевтке қаралған дұрыс. Ол науқастың белгілерін бағалап, қажетті тексерулерді тағайындайды және қажет болған жағдайда бейінді маманға жолдайды.

Ревматолог қабыну және аутоиммундық ауруларды, соның ішінде ревматоидты артритті, подаграны, жүйелі қызыл жегіні және анкилоздаушы спондилитті (Бехтерев ауруы) диагностикалау және емдеумен айналысады.

Ал жарақат алған жағдайда травматолог-ортопедке қаралу қажет. Ірі буындардың айқын артрозы кезінде, хирургиялық емдеу мәселесі қарастырылған жағдайда да осы маманның кеңесі қажет болуы мүмкін.

Ауырсынудың себебін анықтамай, оны ұзақ уақыт бойы ауырсынуды басатын дәрілермен басып жүруге болмайды. Уақытылы диагностика жасау тиісті емді таңдауға және буындардың қозғалыс қабілетін сақтауға мүмкіндік береді.