4 қараша - Халықаралық стресс туралы хабардар болу күні. Үнемі шаршау, ұйқысыздық пен жүрек қағысының жиілеуі тек эмоциялық күйзелістің салдары ғана емес, түрлі аурулардың белгісі дә болуы мүмкін. Ағзаға қай кезде демалыс қажет екенін және қандай жағдайда дәрігерге қаралу керектігін ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің психологі, психология саласындағы PhD докторы Мәншук Құрманбекова түсіндірді.
Жұмыс, отбасылық міндеттер, жақындарға қамқорлық жасау және уақыттың үнемі жетіспеуі біртіндеп созылмалы стресске әкеледі. Адам тұрақты шиеленісте өмір сүруге үйреніп, шаршағанын елемей және демалысты кейінге қалдырады. Уақыт өте келе ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, ұмытшақтық және зейін қою қабілетінің төмендеуі байқалуы мүмкін. Тіпті демалыс күндерінен кейін де күш-қуатты қалпына келтіру әрдайым мүмкін бола бермейді.
Стресс ағзаның физикалық және эмоциялық жүктемелерге беретін табиғи жауабы. Шұғыл немесе қысылтаяң жағдайда жүрек қағысы жиілеп, тыныс алу өзгеріп, бұлшықеттердің ширығуы артады. Алайда, егер стресс тұрақты сипат алса, ағза қалпына келіп үлгермейді.
Мәншук Құрманбекованың бақылауынша, психологиялық көмекке жүгінетіндердің арасында 35 пен 55 жас аралығындағы адамдар да аз емес. Олардың эмоциялық күйзелісі көбіне жұмыстағы жоғары жауапкершілікпен, бала тәрбиесімен және қарт ата-анасына қамқорлық жасаумен байланысты болып жатады.
Дегенмен, денсаулықтағы кез келген жайсыздықты стресстен көруге болмайтынын түсіну маңызды. Үнемі әлсіздік сезіну қаназдықтың немесе қалқанша безі қызметі бұзылуының белгісі болуы мүмкін, ал жүректің жиі немесе бірқалыпсыз соғуы жүрек ырғағының бұзылғанын аңғартады. Сондықтан мұндай белгілер қайталанса немесе ұзақ уақыт бойы басылмаса, терапевтке қаралған жөн. Қажет болған жағдайда дәрігер тексеру тағайындап, тиісті бейінді маманға жолдама береді. Кеуде тұсының ауыруы немесе қысылуы, анық байқалатын ентігу және естен тану шұғыл медициналық көмекті қажет етеді мұндай жағдайда 103 немесе 112 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақыру керек.
Созылмалы стресс күнделікті өмірге де әсер етеді: жұмысқа қабілеттілік төмендейді, зейін қою қиындай түседі, ашушаңдық пен жақындармен келіспеушіліктер жиілейді. Мұндай жағдайларда психолог шиеленістің себептерін анықтауға, эмоциялық күйді басқаруды үйренуге, міндеттерді дұрыс бөлуге және жеке шекараны сақтауға көмектеседі.
Эмоциялық қажудың алдын алу үшін ұйқы режимін сақтау, дене белсенділігін қолдау, демалуға уақыт табу және өзіне шамадан тыс міндеттер жүктемеу маңызды. Мазасыздық кезінде назарды басқа нәрсеге аударуға арналған жаттығулар мен баяу, бірқалыпты тыныс алу көмектеседі. Күйзелісті басу үшін алкогольді қолдануға және тыныштандыратын дәрілерді дәрігердің бақылауынсыз қабылдауға болмайды.
Егер мазасыздық пен ұйқының бұзылуы апталар бойы жалғасып, жұмыс істеуге және жақындарымен қарым-қатынас жасауға кедергі келтірсе, психологиялық көмекке жүгінген жөн. Ал физикалық белгілер пайда болған жағдайда медициналық тексеруден өту маңызды.
Халықаралық стресс туралы хабардар болу күні адамның физикалық денсаулығымен қатар, психологиялық саулығына да көңіл бөлуі қажет екенін еске салады. Үнемі шаршауды қалыпты жағдай деп есептеуге немесе барлық жайсыздықты қарбалас тіршіліктің салдарына жатқыза салуға болмайды. Ағзаның берген белгілеріне дер кезінде назар аударып, көмек сұрай білу маңызды.