Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні қарсаңында ақылы медициналық қызметтер бөлімінде бас тәлімгер Сауле Марденованың қолдауымен барлық пациенттерге арналған акция өткізілді. Акция аясында қандағы глюкоза деңгейі, артериялық қан қысымы өлшеніп, ЭКГ түсірілді.
Тексерулер заманауи портативті құрылғылардың көмегімен жүргізілді. Барлығы 91 пациент тегін медициналық тексеруден өтті. Олардың 21-інде қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылағаны, ал екі пациентте артериялық қан қысымының қауіпті деңгейге дейін көтерілгені анықталды. Оларға сол жерде шұғыл көмек көрсетілді. Қандағы глюкоза деңгейі жоғарылаған барлық пациентке тиісті ұсынымдар беріліп, эндокринологтың кеңесіне жіберілді.
– Мұндай акциялардың басты нәтижесі – ауруларды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі. Дәрігерлер пациенттің денсаулығындағы мәселелерді дер кезінде байқап, терапевтке жүгінбей-ақ бірден бейінді маманға жолдай алады немесе адамның өзі білмеген ауруын анықтай алады, – деп түсіндірді емхананың ақылы медициналық қызметтер бөлімінің меңгерушісі Дилярам Разиева.