Басты бет › Анестезолог қырағы болуы керек

Анестезолог қырағы болуы керек

Анестезолог қырағы болуы керек

-Анестезиологтың басты мақсаты – науқастың операцияны  ауырсынусыз, қауіпсіз өткізуіне және оның ағзасының тұрақты қызметін сақтауға көмектесу. Әрбір сәтті операцияның  артында анестезиологтың көзге көріне бермейтін, бірақ аса маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін еңбегі тұрады-дейді Ұлттық госпитальдің анестезиолог-реанимотолог дәрігері Асылжан Әбілхас. Анестезиологтың жұмысы – науқасты операцияға дайындаудан бастап, одан кейінгі жағдайды бақылауда ұстау. Көпшілік анестезиологты науқасты ұйықтататын дәрігер ретінде ғана қабылдайды. Ал бұл маманның міндеті одан да ауқымды және жауапты. Операция алдында науқастың денсаулық жағдайы мұқият тексеріліп, қосымша аурулары, ықтимал қауіптері анықталады. Осы мәліметтер негізінде анестезияның ең қолайлы әрі қауіпсіз түрі таңдалады. Операция барысында науқастың тыныс алуын, жүрек соғысын, қан қысымын және басқа да өмірлік маңызды көрсеткіштерін үздіксіз бақылап, анестезияның тереңдігін реттеп, ағзаның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету де осы анестезиологтың міндеті. Егер операция кезінде науқастың жағдайы кенет нашарлап кетсе  дәрігердің білімі, тәжірибесі, психологиялық төзімділігі және шешім қабылдау жылдамдығы сыналады. 

 -Біз операция басталғаннан соңына дейін науқастың жанында болып, оның ағзасындағы әрбір өзгерісті бақылап отырамыз. Жүрек соғысы, қан қысымы, тыныс алу көрсеткіштері – мұның барлығы біз үшін жай ғана монитордағы сандар емес, науқастың жағдайы туралы маңызды ақпарат. Кейде көрсеткіштердегі болмашы ғана өзгерістің өзі үлкен асқынудың алғашқы белгісі болуы мүмкін. Сондықтан анестезиолог әрдайым қырағы болып, жағдайды алдын ала бағалап, қауіптің алдын алуға тырысады –дейді А. Әкіимханұлы.

Анестезиолог мамандығының бір ерекшелігі – оның  әрдайым ең жақсы нәтижеге үміттеніп, ең күрделі жағдайға да дайын болуында. Ол әрбір отаға кіргенде  сәтті аяқталатынына сеніммен қарап,  күтпеген жағдайлардың орын алу мүмкіндігін ешқашан естен шығармайды.  Бұл – үреймен өмір сүру емес, керісінше, кәсіби сақтық пен жоғары жауапкершіліктің көрінісі.

Осы салада жүргенінен алты жылдан асқан маманның есінде қалған күрделі оқиғалар да аз емес. 

-Аса күрделі шұғыл операциялардың  бірінде науқастың жүрегі бірнеше рет тоқтап қалды. Бұл – медициналық команданың әрбір мүшесінен барынша жинақылықты, кәсіби шеберлікті және жедел шешім қабылдауды талап еткен өте ауыр жағдай еді. Осындай сәттерде әр секунд қымбат. Біз жүрек-өкпе реанимациясын жүргізіп, қажетті шұғыл шараларды қабылдадық. Хирургиялық бригаданың барлық мүшесі бір мақсатқа жұмылып, үйлесімді жұмыс істеді. Әркім өз міндетін мінсіз орындап, бір-бірімізге кәсіби тұрғыдан қолдау көрсеттік. Ең бастысы –бірлескен күш-жігеріміздің арқасында науқастың өмірін сақтап қана қоймай, оның денсаулығын қалпына келтіруге де мүмкіндік туды. Уақыт өте келе науқас қалыпты өміріне оралып, толыққанды тіршілігін жалғастырды. Дәрігер үшін бұдан асқан бақыт бар ма?-дейді анестезолог.  Асылжан Әбілхастың айтуынша анестезиолог болу оңай емес. Бұл– үлкен жауапкершілікті, үздіксіз білім алуды, физикалық және эмоционалдық төзімділікті талап етеді.

- Кейде ұзақ кезекшіліктер мен күрделі жағдайлар шаршатады. Дегенмен, науқастың операциядан кейін оянып, аман –есен жақындарының ортасына  оралуы  барлық қиындықты ұмыттырып жібереді. Мен бұл мамандықты таңдағаныма өкінген емеспін. Өйткені анестезиологтың еңбегі көбіне көзге көрінбегенімен, әрбір сәтті операцияның артында біздің де үлкен жауапкершілігіміз бен еңбегіміз тұрады-дейді жас маман.