12 қараша - Дүниежүзілік пневмониямен күрес күні. Жөтел, дене қызуының көтерілуі және ентігу әдеттегі респираторлық инфекцияның ғана емес, өкпе қабынуының да белгісі болуы мүмкін. Аурудың қауіпті белгілерін қалай анықтауға, кімдер қауіп тобына жататынына және асқынудың алдын алу жолдарына қатысты ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің аллерголог дәрігері Элеонора Старцева түсіндірді.
Пневмония көбіне бактериялар мен вирустар тудыратын өкпе тінінің инфекциялық қабынуы. Ауру өздігінен немесе тұмау мен басқа да респираторлық инфекциялардың асқынуы ретінде дамуы мүмкін. Қабыну өкпенің қалыпты жұмысын бұзып, ауыр жағдайда тыныс алу жеткіліксіздігіне әкелуі ықтимал.
Пневмонияның алғашқы белгілері көбіне кәдімгі суық тиюге ұқсайды. Құрғақ немесе қақырықты жөтел, дене қызуының 38 °C және одан жоғары деңгейде үш күннен астам сақталуы, ентігудің күшеюі мен кеуденің ауыруы алаңдатуы тиіс. Алайда науқастың жағдайы нашарласа, бірнеше күн күтпей, дәрігерге қаралу қажет. Тыныштық күйінде де тыныс алудың қиындауы және қақырықта қанның пайда болуы шұғыл медициналық көмекті талап етеді.
Дегенмен пневмония әрдайым жоғары дене қызуымен немесе қатты жөтелмен байқала бермейді. Егде жастағы және иммунитеті әлсіреген адамдарда ауру белгілері айқын болмауы мүмкін. Кейде жалпы әлсіздік, жағдайдың нашарлауы және тыныс алудың қиындауы басым болады.
Қауіп тобына кішкентай балалар, егде жастағы адамдар, қант диабеті, жүрек-қантамыр және онкологиялық аурулары бар науқастар жатады. Бронх демікпесі мен өкпенің созылмалы обструктивті ауруы кезінде респираторлық инфекциялар ауыр өтіп, асқыну қаупі артуы мүмкін.
2026 жылдың 10 айында госпитальда пневмонияға байланысты медициналық көмекке жүгінген екі жүздей науқас тіркелген.
Пневмонияға күдік туындаса, дәрігерге қаралу қажет. Маман ауру белгілерін бағалап, қажет болған жағдайда кеуде қуысының рентгенографиясын, қан талдауларын және басқа да зерттеулерді тағайындайды. Тексеру көлемі мен емдеу тәсілі әр науқастың жағдайына қарай жеке анықталады. Антибиотиктерді өз бетінше қабылдауға болмайды, өйткені дәріні таңдау инфекция қоздырғышына және науқастың жағдайына байланысты.
Пневмонияның алдын алуда пневмококк инфекциясы мен тұмауға қарсы вакцинация маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар жеке гигиенаны сақтау, бөлмелерді үнемі желдету, темекіден бас тарту, дене белсенділігін қолдау және созылмалы ауруларды уақытылы емдеу қажет. Респираторлық инфекциялар кең таралған кезеңде қоғамдық орындарда бетперде таққан жөн.
Элеонора Старцеваның айтуынша, дәрігерге уақытылы қаралу және алдын алу шараларын сақтау пневмонияның ауыр өту қаупін азайтуға көмектеседі. Әсіресе суық тиюге ұқсас белгілер күшейіп, ентігу немесе жалпы жағдайдың нашарлауы байқалса, оларды елеусіз қалдырмау маңызды.