Жүрек пен қан тамырларының саулығын сақтауға көмектесетін ең маңызды қарапайым кеңестер жайлы білесіз бе?
Жүрек — үзіліссіз әр минут сайын жұмыс істеп, бүкіл ағзаны қанмен қамтамасыз етеді, әрбір жасушаға оттегі мен маңызды қоректік заттарды жеткізеді. Оның қалыпты жұмыс істеуі үшін Ұлттық госпитальдің жалпы тәжірибелік дәрігері Айшолпан Әлібайдың кеңесіне назар аударыңыз.
1. Көбірек қозғалыңыз, жүрегіңіз белсенділікті жақсы көреді!
Күн сайын спорт залына барудың немесе күрделі жаттығуларды орындаудың қажеті жоқ. Қарапайым нәрседен бастаңыз яғни көбірек жаяу жүріңіз!
Таза ауада серпінді немесе өзіңізге ыңғайлы қарқынмен серуендеңіз. Мүмкіндігінше, лифтінің орнына баспалдақты пайдаланыңыз. Жүзумен, велосипед тебумен, бимен немесе жеңіл гимнастикамен айналысып көріңіз.
Егер компьютер алдында ұзақ уақыт отырсаңыз, арасында қысқа үзілістер жасап тұрыңыз. Аптасына кем дегенде 150 минут физикалық белсенділікпен айналысуға тырысыңыз. Мысалы, аптасына бес күн бойы 30 минуттан жаяу жүруге болады. Тіпті аз мөлшердегі, бірақ жүйелі физикалық белсенділік те қозғалыссыз өмір салтынан әлдеқайда артық!
2.Пайдалы тағамдарды таңдаңыз!
Дұрыс тамақтану — қатаң диета ұстау немесе сүйікті тағамдарыңыздан мүлдем бас тарту деген сөз емес. Ең бастысы — дұрыс тепе-теңдікті сақтау және дұрыс азық-түлік түрлерін таңдай білу. Рационыңызға мыналарды жиірек қосуға тырысыңыз: көкөністер, жемістер, жидектер және көк шөптер мүмкіндігінше күніне 400–500 г.Тұтас дәнді дақылдар, бұршақ тұқымдастар және тұтас дәнді нан,балық (әсіресе теңіз балығы) аптасына 1–2 рет. Жаңғақтар, дән өнімдері және өсімдік майлары, майлылығы орташа ашытылған сүт өнімдері.
Төмендегілерді тағамдарды шектеңіз.
Майлы ет түрлері, шұжық өнімдері және ысталған ет өнімдері, фаст-фуд, чипсы және құрамында трансмайлар бар өнімдер.Тәттілер, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер және құрамында қанты бар газдалған сусындар.
Сары майды және қаныққан майлардың басқа да көздерін шамадан тыс көп тұтыну. Тұзды күніне 5 г-нан (шамамен бір шай қасық, төбесін үймемей) артық тұтынбауға тырысыңыз. Су ішуді ұмытпаңыз! Сұйықтық қабылдауды жеке қажеттіліктеріңіз бен денсаулық жағдайыңызға байланысты реттеңіз. Егер сізде жүрек немесе бүйрек аурулары болса, сусын ішу режимін дәрігеріңізбен ақылдасыңыз. Зиянды тағамдарды біртіндеп пайдалы тағамдармен алмастырып көріңіз. Мұндай өзгерістерді күнделікті өміріңізге енгізу оңайырақ.
3.Қан ан қысымы, холестерин және салмақты бақылаңыз! Жоғары қан қысымы көбінесе ешқандай белгілерді көрсетпейді. Адам жүрегі мен қан тамырларының күшейгенін мүлдем білмей, өзін жақсы сезінуі мүмкін.
Сондықтан қан қысымын үнемі өлшеп тұрыңыз. Өлшеу нәтижелерін жазып жүріңіз. Қандағы холестерин мен қант деңгейін бақылауда ұстаңыз. Дене салмағыңыз бен бел шеңберіңізді қадағалаңыз. Ересектердің көпшілігі үшін қан қысымының 120/80 мм с.б. (сынап бағанасы миллиметрі) көрсеткішінен төмен болуы қалыпты жағдай болып саналады. Өзіңізге қатысты нақты нысаналы көрсеткіштерді дәрігеріңізбен талқылағаныңыз дұрыс.
Сондай-ақ, беліңізге де назар аударыңыз! Әйелдер үшін белі 80 см. аз болуы дұрыс, ал ерлер үшін 94 см-ден төмен. Артық салмақ, әсіресе іш аймағындағы майлану, гипертония, қант диабеті және атеросклероз қаупін арттырады. Тіпті салмақты аздап, бастапқы салмақтың 5–10%-ына дейін азайтудың өзі қан қысымын, қандағы қант пен холестерин деңгейін жақсартуға көмектеседі.
4. Зиянды әдеттерден бас тартыңыз! Темекі шегуді мүлдем қойыңыз! Никотин мен темекі жануынан түзілетін өнімдер қан тамырларын зақымдайды, қан ұйығыштарының (тромбтардың) пайда болуына әсер етеді және атеросклероздың дамуын тездетеді. Бұл тек кәдімгі темекіге ғана емес, сонымен қатар электронды құрылғыларға, темекіні қыздыру жүйелеріне және кальянға да қатысты. Есте сақтаңыз: «қауіпсіз» темекі шегу деген ұғым жоқ!
Алкогольді ішімдіктерді тұтынуды қатаң шектеу өте маңызды. Ол қан қысымын көтереді, жүрек ырғағының бұзылуына себеп болады және жүрек ауруларының дамуына ықпал етеді. Ең дұрыс шешім – алкогольден мүлдем бас тарту.
5. Демалуды және өзіңізді күйзелістен (стресстен) қорғауды ұмытпаңыз!
Үнемі асығыс жүру, ұйқының қанбауы, уайым және шамадан тыс шаршау көңіл-күйге ғана емес, жүректің жұмысына да кері әсерін тигізеді. Күйзеліске түскен кезде жүрек соғысы жиілеп, қан қысымы көтерілуі мүмкін, ал жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін салмақ артады.
Өзіңізге көбірек көңіл бөлуге тырысыңыз. Түнде 7–9 сағат ұйықтаап, күн сайын серуендеуге уақыт бөліңіз. Жақындарыңызбен және достарыңызбен көбірек уақыт өткізіңіз. Музыка тыңдаңыз, кітап оқыңыз немесе сүйікті ісіңізбен (хоббиіңізбен) айналысыңыз. Тыныс алу жаттығуларын немесе басқа да демалу әдістерін үйреніп алыңыз. Жұмыс пен демалысты теңестіруді ұмытпаңыз. Кейде тіпті 20–30 минуттық жай серуеннің өзі күш-қуатыңызды қалпына келтіріп, көңіл-күйіңізді көтеруге көмектеседі.
Денсаулығыңызға алдын ала қамқорлық жасаңыз! Ауру белгілерінің пайда болуын күтпеңіз!
Жүрек-қан тамырлары ауруларының көбі ұзақ уақыт бойы байқалмай дамуы мүмкін. Сондықтан, денсаулығыңызда мәселелер туындағанша жүрмей, өзіңізге күтім жасаңыз. Холестерин мен қандағы қант деңгейін тексеру, ЭКГ (электрокардиограмма) жасату сияқты профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіп тұрыңыз. 39 жасқа дейінгі адамдарға екі жылда бір рет, ал 40 жастан асқандарға жылына бір рет профилактикалық тексеруден өткен дұрыс. Егер дәрігеріңіз қан қысымын немесе холестерин деңгейін төмендетуге, болмаса қандағы қант мөлшерін бақылауда ұстауға арналған дәрі-дәрмектерді тағайындаған болса, оларды жүйелі түрде қабылдаңыз. Тіпті өзіңізді жақсы сезінген күннің өзінде, емдеу курсын өз бетіңізше тоқтатпаңыз.
Есте сақтаңыз! Жүректің саулығы күнделікті қабылдайтын шешімдеріңізге тікелей байланысты!